Халық қалаулылары нәзік жандыларға бизнеспен айналысуға ақшалай грант беретін «Coca-Cola белестері» атты жобаға қатысуды ұсынды.

ҚР Мәжіліс депутаты Майра Айсина жұмыссыз әйелдер үздік бизнес жобасы үшін Coca-Cola компаниясынан 4000 мың доллар көлемінде грант ала алатынын айтты.

- Бұл жоба «Нұр Отан» партиясының әйелдерді қолдау бағытында жүзеге асырып жатқан ісі, - деді депутат. – «Coca-Cola» компаниясының 2020 жылға дейін 5 миллион әйелді жұмысқа тартуға арналған бағдарламасы бар екенін біліп, қолдау көрсетуді ұйғардық. Мақсатымыз – ауылдағы жұмыссыз әйелдерді бизнеске баулу, жұмыс орындарын ашу. Сол арқылы ауылды дамыту. Біз бизнес жобаны құрастыру, жоспар құру, оны жүзеге асыруға жауапты органдардың өкілдерін ертіп, өзіміз жүріп нәзік жандыларға үйретеміз.

Аталмыш грантты алудың төрт сатысы бар. Алдымен кәсіпкерлік негіздерін оқытудан өту керек. Кейін бизнес-жоспарды жасап, «Ең үздік бизнес-идея» конкурсына қатысып ақшалай сыйды ұтып алуға болады.

2013 жылы басталған жобаға Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарынан үміткерлер қатысып, 41 әйел грант ұтып алған. Олардың 62 пайызы ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсіп ашты. Оған қоса, 105 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Айта кетейік, биыл 4 мың доллар көлемінде 10 грант беру жоспарланып отыр. Барлық ақпаратты www.ccb.kz сайтынан білуге болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам