Аудан әкімі Қанат Қашкировтың айтуынша,  шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 830 бірлікті құрайды. Оның ішінде 709-ы немесе 85 пайызы ғана жұмыс істеп тұр.

Биылғы жылы еліміздің оңтүстік өңірінен 35 отбасын немесе 140 адамды бос тұрған 56 үйге көшіріп әкелу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда екі отбасы квота алған, қосымша төрт адам өтініш берген және алты шаңырақ ендігі қоныстанған. Сегіз  ауылдық аймақтың әкімі мен «Нұр Отан» аудандық филиалының төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысына түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін сапарға кеткен. Бүгінде ОҚО-дан келген 35 отбасы Еңбекші және Қазақстан ауылдық аймақтарында еңбек етуде.

Өңір басшысы мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып екінші күні жабылып қалған тұрғындармен кездесу өткізуді тапсырды.

- «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бір де де бір жоба жүзеге асырылмаған, - деді облыс әкімі. – Жоспар бойынша төрт жоба көрсетілген. «Агроөндірістік кешенді дамыту» бағдарламасы бойынша үш жобаның біреуі де қолға алынбаған. Инвестициялық жобалар бойынша көрсеткіш - нөл. Бес ай өтіп кетті. Инженерлік коммуникацияларды жүргізуге бір де бір жоба жоқ. Тек қана көріктендірумен емес, экономиканы көтеру қажет. Шағын және орта бизнестің дамуы үшін «Даму» қоры арқылы несие берсек, бірнеше кәсіпорын мен дәмхана ашылатын еді. Жайылымды жерлер мен орманды пайдалану қажет. Аудан шекарада орналасқан, жердің бонитеті жақсы. Балық және аң шаруашылығы бойынша су айдындарында ешқандай жұмыс жүргізілмей отыр.

Сонымен қатар, облыс әкімі алдымен ауданға керек білікті мамандардың тізімін анықтау қажеттілігіне тоқталып, қоныс аудару бойынша жұмыстың мардымсыздығын атап өтті.

- Жұмыс істемейтін адамдар қажет емес, - деді Болат Бақауов. - 180 шаруа қожалығының әрқайсысына бір отбасынан көшіріп әкелу ұсынылса, әкімдер мен орынбасарларға барудың қажеті болмайды. Осы мәселені соза берудің не қажеті бар? Екі айдан кейін тамыз кесенесі өтеді. Сапаға көңіл бөлу қажет.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясына ашу жоспарланып отырған аумағы 400 шаршы метр мәдени мұра орталығын бизнеспен айналысуға беру жолын қарастыруды және жол жөндеу жұмыстарын соңына дейін жеткізуді жүктеді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика