Құрылысқа жауапты мердігер ұйым - «Строй-ЗАСТ» ЖШС, бас жобалаушы - «КазахЭнергоПром» ЖШС.

Учаске басшысы Әлібек Нұрғалиевтің айтуынша, ғимараттың көлемі 107х70 метрді құрайды. Спорт кешені теориялық сабақтар мен шағын футбол, волейбол, баскетбол және басқа да барлық ойын түрлерін өткізуге арналған.

- Биіктігі тоғыз жарым метр үлкен ойын залы бар, - дейді Әлібек Нұрғалиев. - Жобаның жалпы құны - 648 млн теңге. Биыл жолдар мен алаңның құрылысы аяқталады. Жеке ғимаратты тұрғызу 200 миллион теңгеге шығады. Сондай-ақ бассейн мен шаңғы жарыстарын өткізу үшін шаңғы-роллер жолы қарастырылған. Еденге заманауи үлгіде «Tarkett» фирмасымен шығарылған паркет төселеді. Құрылыс орнында 30 адам жұмыс істейді. Олардың жартысы жергілікті тұрғындар.

Спорт кешенін келесі жылы тамыз айында тапсыру көзделіп отыр. Шекарада жайғасқан ауданға Омбыдан спортшылар сайысқа жиі келіп тұрады..

Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Болат Бақауов болашақта қонақүй салуды қарастыруды ұсынды.

- Беларусь елінде екі мың тұрғыны бар агроқалашықта болдық, – деді аймақ басшысы. – Ол жақта футбол алаңының маңында орналасқан қонақүйді ресейліктер келіп жалға алып тұрады. Себебі, бағасы төмен. Ауылда таза ауада жаттығуға мүмкіндік бар. Сондықтан бұл жерде де қонақүй құрылысын ойластырған дұрыс.

Айта кетерлігі, ауданда барлығы 84 дене шынықтыру ұжымы, 26 спортзал мен 1500 орындық стадион бар. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 546 адам спортпен шұғылданады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Дархан Өмірзақов

 

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, спорт