Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Сарбасовтың айтуынша, республика бойынша еліміздің әртүрлі  аймақтарынан қатысқан 35 ақынның ішінен  1  шілде күні  11 ақын іріктелген.

Олар 13-шілде күні Жаяу Мұса Байжанов атындағы өнер мектебінде жыр кешін және мұражайда кездесу өткізеді.

Сондай-ақ, республикалық  дәстүрлі әншілер байқауына 16 адам өтініш берген.  Қазылар алқасының төрағасы – Қарағанды қаласы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры, мәдениет қайраткері Мейірхан Адамбеков.

- «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам...» атты ақындар мүшәйрасы мен дәстүрлі әндер байқауының әрқайсысына 1 миллион 500 мың теңгеден  үш миллион теңге жүлде қоры қарастырылған, - дейді  Қайрат Сарбасов. – Оның ішінде  түрлі аталымдар бойынша қатысқандарға да ақшалай сыйақы табыс етіледі. Бұдан басқа, Мәдениет порталы бір жүлде тігіп отыр.  Жалпы аудандық бюджеттен ақынның мерейтойын атап өтуге бес миллион  теңге бөлінген.  

 Торайғыр ауылында  аудандар мен қалалар 27 киіз үй  орнатып, «Жасыбай-Торайғыр» тас жолында 25 шақырымға дуатлон ұйымдастырылады.

Ақбота Сейсенбаева


pavlodarnews.kz

Тэги: рухани