Бұл туралы аудан әкімі Ернұр Әйткенов өңірлік коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру»  тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтты.

  - «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»  бойынша сакралды жерлерді анықтау үшін ауданда жұмыс тобы құрылды, - дейді  Ернұр Әйткенов. -  Осы анықталған   орындарды қоршауға алып, әрбіреуіне төлқұжат пен Q-кодтар орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік желілерде, яғни Instagram желісінде  lebiazhiaudany  және  Facebook желісінде  «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты парақшалар ашылды.  Елбасының мақаласын насихаттау мақсатында аудан бойынша «Рухани жаңғыру» тақырыбына 11 билборд орнатылған.

Спикердің айтуынша, тоғыз киелі орынның ішінде  сынықшы, емші Мерғалым ата бейіті, Сары бәйбіше бейіті, Базылғазы тасы ескерткіші,  Тұз қала көлі, ертеде аққулар мекендеген Аққу ауылынан 5-6 шақырым жерде орналасқан Қамқалы көлі, аңыз-әңгімелерге толы Малыбай көлі, Әбубәкір Хазірет бейіті, Бөрлі көлі, Ғибадолла Ғабдізәкірұлы бейіті бар.

Аталған нысандар бойынша GPS мәліметтері мен фотосуреттері дайындалып, үш орын облыстық картаға енгізілген.

Малыбай көлі – халық арасында түрлі аңыздарға ие тарихи табиғи көл. Көлемі - 12 шақырым, суы ащы, шипалы.

Сынықшы, емші  Ғабдуллин Мерғалым Мұхтариханұлы 1935 жылы Лебяжі ауданы Қорт ауылында дүниеге келген. 51 жыл  өмірінің  басым бөлігін мұқтаж жандарға риясыз көмек көрсетуге арнаған.

Сары Бәйбіше Шақа ауылдық округі, Байымбет ауылының жанында 720 жылдары өмір сүрген жаурыншы, емші болған.

Ақбота Сейсенбаева

 


pavlodarnews.kz

Тэги: рухани