Аймақ басшысы Астана ондаған жылдардың ішінде Еуразияның маржанына айналғанын және  Еуразия континентінің ірі бітімгершілік күштер орталығы болып табылатынын атап өтті.

-  Елорданың 20 жылдығына орай шын жүректен құттықтауды қабыл алыңыздар, - деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Бүгінгі Астананың мерейтойы жалпыұлттық мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді. Бұл мереке Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы елорданың орналасуы жас әрі тәуелсіз  республиканың қысқа мерзімнің ішінде экономиканың қарқынды дамуына мүмкіндік береді деген болжамы жүзеге асырылды. Біздің жас та сүйікті Астанамыз гүлдене берсін.

Астананың 20 жылдығына арналған мерейтой медальдары шаруа қожалықтары мен ірі кәсіпорын ұйымдарының басшыларына, мемлекеттік қызметшілерге, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне табыс етілді. Бұдан басқа, марапатқа ие болғандардың арасында Қазақстан Парламентінің экс-сенаторы мен Ертіс өңірінің  бастауында тұрған бұрынғы басшылары бар.

Мерейтой медальдары аудандық мәслихаттың хатшыларына да табыс етілді. Олардың ішінде Рыскен Бечелов  бар.

- Бұл мен үшін Астанамен байланысты екінші мерейтой медалі, - дейді Успен аудандық мәслихатының хатшысы Рыскен Бечелов. – Елорданың 10 жылдығында да облыс әкімінің қолынан мерейтой медалін алған едім. Сол кезде Нұрпейісов болған. Біздің астанамыз жас та болса үлкен жетістіктерге қол жеткізген.

Достық үйінде өткен салтанатты шарада Павлодар облысының әкімі 37  награда тапсырды. «Астана 20 жыл»  медалімен аудандар мен қалаларда барлығы 50 адам марапатталды.


Томирис Бекжан
Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани