Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Райысов мәлім етті.

-  Оның ішінде  маусым айында  180 пәтерлік бес қабатты үш тұрғын үй Екібастұзда қолданысқа енгізілген, - дейді Рүстем Райысов. - Бұл баспана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылады.  Аталмыш банк арқылы Павлодарда 216 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысын «СПК «Павлодар» АҚ жүргізеді.  Екібастұзда бір шаршы метрі 90 мың теңгеден  сатылмаған кредиттік баспаналар бар.  Павлодарда облыс орталығы ретінде  баға жоғары. Яғни, 1 шаршы метрі - 190-200 мың теңге. 2016-2017 жылдары салынған үйлердің аумағы үлкен. Генерал Дүйсенов, Ломов, Сәтбаев  көшелерінде сатылмаған үйлер бар. Қазіргі таңда тоғыз пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын «Фирма Арлан» ЖШС мердігерлік ұйымы аяқтауға жақын. Ең бастысы, өзіне ұнайтын баспананы тауып алу керек. Одан әрі  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы  және банк мақұлдаған жағдайда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша  қолжеткізуге болады.

Басқарма басшысының айтуынша, 2019 жылы өңірде 1000 шақты пәтер салу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішті жыл сайын 30-40 мың шаршы метрге арттыру көзделуде. Биыл шамамен 300 мың шаршы метр көппәтерлі және жеке тұрғын үй  енгізіледі. Оның ішінде 200 мың шаршы метрі Павлодар қаласына келеді.    

- Сарыарқа шағын ауданында шамамен 700 пәтер қолданысқа енгізіледі, - дейді  Рүстем Райысов. - Дегенмен облигациялық қарыздар бойынша кредиттік баспана ретінде салынған соң, құрылыс  кезінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі конкурс өткізу барысында сатылып кеткен.   Арендалық баспана бойынша да үйлер салынғанмен, жергілікті атқарушы органдарының тізімде тұрғандарға коммуналдық баспана ретінде ұсынылады.

Ақбота  Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам