Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ PR  және маркетинг департаментінің бас менеджері Маржан Траисбаева  айтты.

-  Олар 13 шілде күні кешке Астана жақтан Павлодар қаласына келіп түнейді. Келесі күні 14 шілдеде таңертең Ресей елінің Новосібір өлкесіне бет алады, - дейді Маржан Траисбаева.      

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, велосаяхатқа қатысушылардың өз бағдарына Қазақстанды енгізуі   шетелдік саяхатшылар  үшін еліміздің туристік бағыт ретінде қаншалықты қызықты екенін  көрсетеді.

Веломарафон бағытының бір бөлігі Қазақстан Республикасының аумағымен өтіп, еліміздің үш өңірін қамтиды. Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстары бойынша өтетін велосаяхаттың жалпы ұзындығы шамамен 1500 шақырымға жетеді.

Велосаяхатшылар 2018 жылдың 2 шілдесінде Қостанай облысында Қазақстан шекарасынан өтіп, 7 күннің ішінде велосипедпен Қазақстанның елордасына дейін жеткен. Саяхатшыларды «Астана – Бәйтерек» монументі жанында  «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, ҚР сыртқы істер министрлігі мен мәдениет және спорт министрігінің өкілдері күтіп алды.

Кездесу барысында веломарафонға қатысушылар аталған шараның мақсаты мен  алдағы бағыттары туралы айтып, Қазақстанның аумағындағы сапарлары жайлы өз әсерлерімен бөлісті.

Астанада бір күн демалып, елордамен танысқан саяхатшылар 10 шілдеден бастап  еліміздің аумағы бойынша Ресей шекарасына дейін тағы 5 күндік жол жүреді.

10 маусымда Санкт-Петербургтен шыққан велосаяхатшылар үш ай ішінде Қазақстан мен Ресей аумағы бойынша 10 мың шақырымнан астам жол жүріп, 8-9 қыркүйекте Владивостокта мәреге жетеді.

Бұл шараның басты мақсаты -  екі елдің табиғатымен танысу. Веломарафоннан кейін Еуропа теледидарында көрсетілетін фильм шығару жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 9 шілде күні Астанаға Швейцария, Германия және Австриядан «Санкт-Петербург – Владивосток» халықаралық велосаяхатына қатысатын 22 велосаяхатшы келген.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам