Бұл туралы «Спецмашин» ЖШС-нің басшысы Вячеслав Рудько агенттіктің жіберген ресми сауалхатына ұсынған жауабында мәлім етті.

- Павлодар қаласында сәуір айынан бастап пластикалық шөлмектерді жеке жинау үшін контейнерлер орнатып жатырмыз, - деді ведомство басшысы. – Жылдың соңына дейін олардың санын 400-ге дейін жеткіземіз. Контейнерлер тұрғын үйлердің қасында, саябақтар мен қоғамдық жерлерде орнатылуда.  Оның әрбіреуінің құны - 34 мың теңге. Бұл қаражат біздің мекеменің қорынан бөлінді.

Вячеслав Рудьконың айтуынша, контейнердің толуын «Спецмашин» ЖШС-нің жұмысшылары қадағалайды.

- Жиналған шөлмектер қайта өндеу үшін арнайы кәсіпорынға жіберіледі. Қала тұрғындары бұл бастаманы қолдап, қоқысты сұрыптап отырады деп ойлаймыз, - деді Вячеслав Рудько.

Ведомство басшысы «Клуб добряков Павлодар» мен мектептер жинап жүрген пластикалық шөлмектердің қақпақтары жайлы да айтып кетті.

- Олардың осындай қоқыс контейнерлерін орнату үшін қаражаттары да, жәшіктердің қарап жүретін жұмыскерлері де жоқ. Сондықтан олар қолдауды  еріктілерден табады. Ал, біз оларға шөлмектерді бере алмаймыз. Себебі, «Оператор РОП» ЖШС бағдарламасына сәйкес біз пластикалық шөлмектерді өзіміз жинап, тек қана қайта өндіруге жіберуіміз шарт, - деді Вячеслав Рудько.

 

Назым Қарабаева

Фото:автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы