Бүгін Павлодар облыстық футбол федерациясының төрағасы Ұлан Жазылбек бас бапкерді таныстырды.

- Біз 2,5 жылға келісімшарт жасадық, - деді Ұлан Жазылбек. – Келісіміміз ұзақ мерзімдік. Бұл жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін септігін тигізеді деген ойдамын. Димитар Димитров Ресейде, Сауд Арабиясында, Болгарияда, Қазақстанда жұмыс жасаған. Еуропалық футболды біледі. Араға бір жыл салып қайта табысып отырмыз. Павлодарлық футболдың дәстүрін жалғастыруымыз керек. Қалай дегенмен бес дүркін чемпионбыз. Биылғы жағдай нашарлап кетті. Сондықтан түзетуіміз керек. Жаттықтырушылар құрамы толық ауысты. Команда құрамында да өзгерістер бар. Бірлесіп жақсы жұмыс атқарып, Димитар өзгеріс әкеледі деген үміттеміз.

Сонымен қатар, Ұлан Жазылбек жанкүйерлерге жуық арада айтулы өзгерістерді күтпеуді ескертті.

- Жанкүйерлерге өзгерістер бірден келмейтінін айтқымыз келеді, - деді федерация төрағасы. – Әр көрсеткіш өз уақытымен келеді. Сондықтан бастапқыда олқылықтар орын алып жатса, сынға алмауды сұраймыз. Алайда маусым басындағы тапсырма солай қалады. Маусымның дәл ортасындамыз. Келесі жылы Еуропада өнер көрсету құқығын алуға болады. Қазіргі жағдайды маусым аяғына дейін реттеуге тырысамыз. Ал келесі маусымда «Астана», «Қайратпен» таласамыз деген ойдамын. Оған мүмкіндік бар. Бюджет тұрақты, қарыз жоқ.

Бас бапкер Димитар Димитров жанкүйерлердің ыстық ықыласы қайта оралуына әсер еткенін айтты.

- Қайта келгеніме қуаныштымын, - деді Димитар Димитров. – Осында жұмыс жасаған екі жылдан астам уақыттағы жанкүйерлердің сыйлаған жылы қарым-қатынастарын есімнен шығармаймын. Қайта оралуыма себепкер болған да жанкүйерлердің қолдауы болғаны анық. Командада үлкен мәселелер бар. Сондықтан мен бұндамын. Егер де мәселелер болмағанда мен мұнда болмас едім. Кестедегі жағдайды реттеу керек. Осындай беделі, тарихы бар командамыз жоғары орында болу қажет. Жұмысымыз нәтижелі болады деген ойдамын. Басында бәрі қиын әрі ауыр болады. Оған күмән келтірмеймін. Өйткені менде сиқырлы таяқ жоқ. Артық сөйлеуді ұнатпаймын. Келесі жылы жүлделі орындарға таласатынымызға 100 пайыз сенімдімін.

Бас бапкер қазақстандық футболды бақылап жүргенін жеткізді.

- Чемпионат мен кеткендегі деңгейден көп өзгерген жоқ, - деді Димитар Димитров. – Команданы күшейтуіміз керек. Ойыншыларды жинау жұмысымен түбегейлі айналысатын боламын. Ойымда жүрген ойыншылар бар. Алайда оларды шақыру үшін қазіргі футболшылармен келісімшартты бұзу керек. Яғни кепіл ақша төлеуге тура келеді. Мен келесі маусымға қарызбен кіргім келмейді. Назарда жүрген, командамызға көмек бола алатын қазақстандық футболшылар да бар. Алайда, олар бос емес. Шақырып, өзіміздің сапымызға қосуға тырысамыз.

Айта кетейік, кеше «Ертіс» ФК жаттықтырушылар құрамындағы Дмитрий Кузнецов, Виталий Варивончик және Александр Шмаркомен екі жақты келісім бойынша қоштасқан болатын.

Еске сала кетейік, Димитар Димитров павлодарлық клубты 2015-2017 жылдары жаттықтырып, ел чемпионатының қола жүлдегері атандырған.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ертіс" ФК, спорт