«13 мектептің ғимаратын № 35 мектеп-гимназиясына тапсырылатыны туралы белгілі болды. Қолдағы ақпаратқа сүйенсек,  № 13 мектептің педагогтары мен оқушылары шағын аудандағы жақын басқа мектептерге ауыстырылмақ.  Мектеп 1986 жылдан бастап жұмыс істейді. Көптеген ұстаздар мұнда 25 жылдан астам  қызмет етеді. Олардың 30 пайызы – зейнеткерлік жаста. Орталық шағын ауданда орналасқан мектеп 800-дей баланы қамтиды. Жыл сайын  1 сыныпқа 100-ден астам, мектепалды даярлық сыныбына шамамен 50  бала келеді.   Қайта құру  туралы шешім қаладағы балалары № 35 мектепте білім алатын жоғары шенді шенеуніктердің мүддесін қолдауға бағытталған. Мектеп қызметкерлерінің тізімі ұсынылады», - деп жазылған қала әкімінің ресми сайтында жарияланған хаттың мазмұнында. 

 

Педагогтар қауымының айтуынша, бұған дейін 2007-2008 жылдары қайта құрудың нәтижесінде 15 мектептің ұжымы  біріктірілген. Салдарынан бірқатар қиындықтар орын алған.

Білім беру үрдісі мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Білім ордасының шағын аудандағы барлық баланы қамтуға мүмкіндігі бар, дегенмен кабинеттер саны тапшы. Себебі, ғимараттың жарты бөлігін № 35 мектептің бастауыш блогы  алып отыр.  

Бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірген Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жанат Ыбыраев  № 13 жалпы орта білім беру мектебі бойынша нақты шешім  шығарылмағанын айтады.

-  Мұндай ақпарат қауесет ретінде тараған, - деді Жанат Ыбыраев.  - Павлодар облысында 2021 жылға дейін жан басына  қаржыландыру жүйесін енгізу көзделіп отырғаны белгілі. Бұл жаңашылдық бала саны аз мектептерді шығынға батырады.  Осыған байланысты болашақта қаладағы  жартылай бос тұрған төрт мектепті  оңтайландыру  жоспарланған.  Бұл -  № 13, № 24, № 12 және № 23 мектеп.  Аталған білім беру нысандарын оңтайландырудың өзіндік себептері бар.  Біріншіден,  бұл мектептерде бала саны  аз. Яғни, жартылай бос тұр.  № 24 және № 13 мектепте екі мектептен  біріктірілген. Мысалы, № 13 мектепте № 35 мектептің  бастауыш блогы, № 24 мектепте № 25 қыздар гимназиясы отыр.

Бөлім басшысы  оңтайландырудың нәтижесінде ұстаздар мен оқушыларға еш зиян келмейтінін жеткізді.

- Мектеп директорларына да жұмыс табылады, - дейді Жанат Ыбыраев.  – Әлбетте, алдымен ата-аналар мен балалардың тағдырын ойлау қажет. Бәлкім, оңтайландыру үрдісі келесі жылдан басталуы мүмкін.  Бүгінде 1596 орындық № 13 мектепте 800 бала, 1296 орындық № 24 мектепте  700 бала, 1596 орындық № 23 мектепте 600 бала және 1596 орындық № 12 мектепте 700 шақты бала отыр. Осы төрт мектептің тең жартысы бос тұр. Мысалы, өзінің ғимараты жоқ № 25  гимназия  № 24 мектепте, № 35 мектептің екі жоғары блогы ескі педагогикалық училищенің ғимаратында, бастауыш блогы № 13 мектепте орналасқан.  Осы мектептерді қосу арқылы бір мектепті толтырудың нәтижесінде үкіметтің қаржысы үнемделеді.   

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Екібастұз қаласында 24 жалпы орта білім беру мектебі бар. Оның ішінде төртеуі - орыс, жетеуі – қазақ және қалғаны – аралас мектептер.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам