Бұл туралы әлеуметтік дүкендердегі бағаларды бақылау барысында Павлодар қаласы кәсіпкерлік бөлімі тұтынушы  нарығын үйлестіру  және ауылшаруашылығы секторының басшысы Арман Асипов мәлім етті.

-   Өңірлік статистика басқармасының ақпараты бойынша  облыс орталығында маусым айында ұн, сиыр еті, құс еті, ірімшік, қант, күнбағыс және сары май, жұмыртқа, күріш, қарақұмық, картоп, қырыққабат пен сәбіз бағасы республика бойынша ең төменгі бағаны көрсетті, - деді Арман Асипов.

Тұрғындар арасында маусымдық бағаның жоғарылауы туралы тараған қауесетті мекеме мамандары  жоққа шығарды.

- Мен бүгін таңертең ғана барлық бағаларды қарап шықтым. Қалада әлеуметтік тауарлар бағасының күрт жоғарылауы байқалған жоқ. Сонымен қатар, бөлімде өткен жылдың бағаларымен салыстырмалы жұмыс жүргізіледі. Мысалы, 2017 жылы дәл осы уақытта картоптың бағасы 200 теңге болған. Ал бүгін қала дүкендерінде  бұл көкөністің бағасы 100-110 теңге төңірегінде сақталып тұр, - деді Арман Асипов.

Жалпы аймақта 40-қа жақын әлеуметтік дүкен бар. Әр үш күн сайын мамандар әрқайсысына барып бағаларды қадағалап отырады.

- Әлеуметтік дүкендерді тексерумен қатар, үлкен сауда үйлері мен базарларды да аралаймыз. Олардың бағаға қатысты құжаттарын тексеріп отырамыз. Қарапайым дүкендерде сатылатын тауарға 15-20 пайыз ғана қосылуы керек. Ал әлеуметтік дүкендерде бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспауы тиіс, - деді сектор меңгерушісі.

Маманның мәліметінше, тұрақтандыру қорында 204 тонна қант бар.  Дүкендерге жіберу бағасы 198-і құрайды. Сәйкесінше, павлодарлықтар әлеуметтік дүкендерде қантты 210-220 теңгеге сатып ала алады.

 

Назым Қарабаева

Фото:автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы