Облыстық білім беру басқармасының  ақпаратына сүйенсек, аталған акцияны жүзеге асыру үшін арнайы туристік жоспар құрылып, тарихи жерлер мен мәдениет орталарын аралау бағыты құрылды.

- 13 шілде күні Екібастұз қаласының темір жол бекетінде салтанатты түрде оқушыларды қарсы алу жоспарлануда, - деді басқармада. – Келесі күні балалар Баянауыл ауданының киелі жерлерімен танысады. Балалардың демалыс  бағдарламасына Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мавзолейіне, Жасыбай батырдың ескерткіші мен Жасыбай өзеніне бару, Қоңыр Әулие үңгірін аралау, қола дәуіріндегі археологиялық ескерткіштерді көрсету, сақ қорғандары мен басқа да тарихи жерлермен таныстыру енгізілді.

Саяхаттың  ерекшелігі Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылында дүниеге келген қазақтың ақын-жазушысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын  атап өтуіне байланысты.

- Қонақтар үлкен этноауыл мен республикалық ақындар арасындағы мүшәйраның көрермендері болады. Торайғырға баратын жаңа жолда өтетін дуатлон жарысына қатысып, Ертіс өңірінің ерекше мәзірмен дайындалған ұлттық тағамдардан ауыз тиеді. Сонымен қатар, «Жас дәурен» оқу-сауықтыру кешенінде қонып, орталықтың өмірі және салт-дәстүрімен танысады, - деді мамандар.

  Сондай-ақ, қонақ балалар 15-16 шілде күндері Павлодар қаласына келіп, М.Көпеев атындағы мешіт, Сұлтанбек сұлтанның мекені, Г.Потанин, Бұқар Жырау атындағы мұражайларды аралайды. М.Катаев атындағы оқушылар сарайын аралап, теплоходпен Ертіс өзенінде серуендейді,   Ertis promenade сахнасын тамашалайды. Естелік ретінде атыраулық балғындарға кәдесыйлар  сыйға тартылады.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы, рухани