Кинофестиваль  өтетін күндері Павлодарға танымал режиссерлер, актерлер және киноқұжатшылар келіп, шеберлік сағаттары мен таныстырылымдар өткізеді.

 Ертіс өңіріне алғашқы болып келгендердің арасында Тәжікстанның режиссерлері Далер Имомали және Комилчон Хакимов бар. 

- Біз Павлодарға  «Писарак» және «Такси» атты екі фильм әкелдік, - деді  Комилчон Хакимов.  – Жұмыстың екеуі де «Тәжікфильм» киностудиясында кәсіптік камера  және кәсіптік актерлермен түсірілді.  Біз үшін бұл бесінші фестиваль, бірақ біреуінен де әлі жүлде  алған жоқпыз.

«Писарак» фильмінде қалада туып-өскен баланың ауылдағы өмірі жайлы баяндалады.

- Ол қалада ғана өмір сүргендіктен, ауылдың ерекше өміріне ұзақ үйрене алмайды. Бірақ уақыт өткен соң өз халқының салт-дәстүрін танып, ауыл мен оның тұрғындарына үйреніп кетеді, - дейді Далер Имомали.

Душанбе қаласынан Павлодарға дейін ұшып келу  ауырлау болғанына қарамастан, қонақтар еріктілермен жағажай бойымен серуендеп қайтты.

Тәжікстандық қонақтардың «Такси» атты киносын 13 шілде күні сағат 22.17-де ERTIS CINEMA кинотеатрының үшінші залында, ал «Писарак» киносын 14 шілдеде сағат 13.26-да Әбусейітов атындағы МСК-де тамашалауға болады. Билеттердің құны 100 теңге.

Еске сала кетейік, фестивальге әлемнің 20 мемлекетінен 207 жұмыс қабылданды. Олардың арасында Ресей, Англия, Армения, Австралия, Үндістан, Израиль, Иран, Ирак, Канада сынды елдер бар. Іріктеуден өткен 64 жұмыстың 15-і деректі фильм болса, 49-сы - ойын киносы.

Облыстық мәдениет басқармасының хабарлауынша, тапсырыстар 2018 жылдың 1-маусымына дейін www.ertiscinema.kz сайты арқылы қабылданды. Кинофестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде қысқаметражды фильмдерді көпшілікке тарату және таланттарды іріктеу мақсатында ұйымдастырылған. Қатысу үшін ұзақтығы 30 минутқа дейін, 2016 жылдан кейін түсірілген қысқаметражды ойын және деректі фильмдер қабылданды. Бір автордан немесе шығармашылық бірлестіктен қабылданатын жұмыстардың саны төрттен аспауы тиіс болған. Жеңімпаздар келесі номинациялар бойынша анықталады: «Үздік деректі фильм», «Үздік ойын фильмі», «Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласы туралы үздік фильмі», «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі», «Көрермендер көзайымы жүлдесі».

 

Фариза Қазыбекқызы

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы