Жолға аттанбақ бұрын депутаттар Қостанай облысы Лисаковск қаласынан келген велосипедшілер Қайрат Төлебаев пен Александр Финкпен қауышты. Астананың 20 жылдығын тойлауға орай өз еркімен туған қаласынан жолға шыққан спортшылар Қазақстанның бірнеше облысында болып, «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалы ғимаратынан әрі қарай Ертіс ауданына жол тартты. Қоштасар алдында Парламент депутаттары спортшыларға сәттілік тіледі.

 Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында мәжілісмендер Мейрам Пішембаев, Альберт Рау және Александр Суслов Ақсу-Үлкен Ақжар автожолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер ұйымы «АБК-Автодор НС» ЖШС директоры Азамат Бірсейітов айтып өткендей, жобаның жалпы ұзындығы 24 шақырым. Жалпы сомасы 2,9 миллиард теңге. Олардың 650 миллион теңгесі игерілген.

Кәсіпкердің айтуынша, осындағы жұмысшылардың 60-70 пайызын жергілікті азаматтар құрайды. Барлық құрылыс материалдары қазақстандық өнім болып табылады. Мәжілісмендер мұндағы жұмыс қарқынына ризашылығын білдірді.

-Облыс тұрғыны ретінде бұл жолдың ретке келетініне қуаныштымын. Бірнеше жыл бұрын жолдың сапасы ешқандай сынға шыдамайтын еді. Ендігі кезде бұл жолмен жүрген кезде ләззат алатындай болды. Бұл Ақсу мен Семей арасындағы қатынасты күшейтеді, - дейді депутат Александр Суслов.

 Сонымен қатар, сапар аясында депутаттар тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Онда аудан тұрғындары Мәжіліс депутаттарына әлеуметтік инфрақұрылым мен ұялы байланыс сапасына қатысты сауалдар жолдады.

– Ауылдық аймақты кеңжолақты интернетпен қамту партиямыздың басым мақсаттарының бірі және де біздер бұл мәселені назарымызда ұстаймыз. Бүгінгі күні 250 адамнан астам тұрғыны бар ауылдардың 29%-ын қамтыдық. 2022 жылға дейін мұндай ауылдардың толық саны кеңжолақты интернетпен қамтылуы тиіс. Бұл ауылда интернетке қатысты ешбір мәселе жоқ. Алайда ауылда ұялы байланыс сапасы қажетті деңгейде емес. Бұл мәселені Байланыс пен ақпарат министрлігі алдында қоямыз, - деп атап өтті Альберт Рау.

 Одан бөлек, Мәжіліс депутаттары Көктөбе ауылдық мектебіндегі ІТ-сынып, Баскөл ауылындағы коворкинг-орталық, ветеринариялық пункті мен «Ақжар Өндіріс» Агрофирмасы ЖШС суармалы учаскесін аралап шықты.

 Тағы бір айта кететін жайт, Мәжіліс депутаттарының тағы бір тобы Ертіс ауданында болды. Депутаттар Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова мен Анар Жайылғанова Голубовка ауылындағы коворкинг-орталығында тұрғындармен кездесіп, «Абай» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Онымен бірге депутаттар Ертіс №1 мектебіндегі ІТ-сыныпта болып, агротехника колледжін аралап, мұндағы педагогикалық ұжыммен қауышты.

 

Айбек Жұматов

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы