Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 10 шілде күні орын алған.

- Усолка шағын ауданында орналасқан № 4 емхананың қасында Ертіс өзеніне сағат 18.40-та 2010 жылы туған бала батып кетті. Баланың денесін судан жедел құтқару бөлімінің төрт қызметкері алып шықты. Бала шомылуға  арнайы жабдықталмаған жерде суға түскен. Қанша ескерту жасасақ та, тұрғындар бұған құлақ аспайды. Оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталып отыр.

Еске сала кетейік, 9 шілдеде ТЖД өткізген жоспардан тыс жиында  айдың басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында сегіз адам көз жұмғанын айтылған болатын. Оның төртеуі - бала.

Жиын барысында бас құтқарушы Ерқанат Аққозинов халық тыйым салынған белгілерге қарамастан жағалауларда демалып жүр деген болатын.

- Біз тұрғындарды талай рет ескерттік, - дейді Ерқанат Аққозинов. - Ертіс өзеніндегі судың деңгейі өткен жылға қарағанда жоғары және оның суға шомылу кезінде маңызы зор. Жағажайларға жақын және суға шомылу үшін аса қауіпті жерлерде 100-ден астам ескерту және тыйым салу белгісі орнатылған. Облыстық орталықта және Екібастұз, Ақсу қалаларында азаматтарды судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажет екендігін ескертетін баннерлер орналастырылған.

 

Назым Қарабаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, оқиға, Павлодар облысы