Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен жиын барысында белгілі болды.

- Таңғы сағат алтыдан бастап ТҮКШ бөлімімен бірге рейд ұйымдастырылды, - дейді тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары Елена Мешкова.  - Нәтижесінде  контейнерлердің бос екені, алайда жан-жағында қоқыс шашылып жатқаны анықталған.  «Спецмашин» ЖШС мен «АК Сервис» ЖШС-не  қатысты жергілікті полиция қызметі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 505-бабы бойынша көріктендіру ережелерін бұзғаны үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл салды. Бүгін «Спецмашин» ЖШС-нің автобазасынан 24 машина шықты.  

ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асхат Омаров болса, қаланы көн-қоқыстан тазартуға техникалардың толық жұмылдырылмай отырғанын атап өтті.

Алайда «Спецмашин» ЖШС-нің басшысы Владислав Рудьконың айтуынша, тазалыққа жауапты кәсіпорын сәрсенбі  және жексенбі, яғни демалыс күндері  14 кезекші көлік қана шығады. Бүгін күшейтілген режимге көшіп, 24 көлік жұмыс істеуде.

Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша,  соңғы бес жылдың көлемінде «Спецмашин» ЖШС тарифті көтермеген. Салдарынан қаражатты үнемдемек болып, қалада қоқысқа қатысты мәселе орын алған.

- Аталмыш серіктестік тарифті екі есеге көтеру туралы талап  қойып отыр, - деді Нұржан Әшімбетов. - Бұл мәселе осымен жарты жылдай қарастырылып келеді. Осыған қатысты қалалық мәслихатқа материалдар жолдаған болатынбыз. Алайда бірқатар түсініспеушілікке байланысты тұрғын үй инспекциясына кері қайтарып берген. Қазақстан бойынша облыс орталықтарындағы орташа тариф 220-240 теңгені құрайды. Сондықтан бірдей тариф болу керек. Тарифті есептеу барысында қоқыстың көлемі мен халық саны есепке алынады.

Облыстық қоғам денсаулығын қорғау департаментіне 24 мекенжай бойынша үш шағым түскен. Барлық мекенжай бойынша тексеріс жүргізіліп, материалдар прокуратураға тіркеуге жіберілген.  Тексеріс қорытындысы 10 күннен  кейін белгілі болады.   

 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Маргарита Чудакова

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы