Астана қаласының 20 жылдығына орай демеушілердің қолдауымен Павлодар қаласы әкімдігі зейнеткерлерді екі күндік саяхатқа жіберді.

Павлодар ауылының әкімі Аждар Жүсіпов бұл зейнеткерлер үшін тағы да саяхат жоспарланып отырғаны туралы қуанышты хабармен бөлісті.



- Бас қаламызға екі күндік саяхатқа еңбегі сіңген зейнеткерлер аттануда, - деді Аждар Жүсіпов. – Ардагерлер кеңесі мен халықтық хордың өкілдері және зейнет жасында болса да еңбектеніп жүрген ата-апаларымыз бара жатыр. Саяхатқа ауылдық әкімдіктің қызметкері жетекшілік етіп, медбике зейнеткерлеріміздің денсаулығын бақылауда ұстайтын болады. Бұл шараға «Гермес» фирмасы мен «Терең-Құрылыс» ЖШС демеушілік танытып, жолақысы мен тамақтану шығынын толық өтеуде. Оған қоса, тамыз айында «Рубикомның» демеушілігімен «Жасыбай» көліне өзге де зейнеткерлер баратын болады.

21 зейнеткер ел астанасын 11-12 шілде күндері аралап, Тұңғыш Президент музейіне, «ЭКСПО-2017» көрмесінің символы «Нұр Әлем» сферасына, Астананың орталық жағалауына және сулы-жасыл желекжолға ат басын бұратын болады.

Павлодар ауылы ардагерлер кеңесінің төрайымы Мария Сорокина зейнеткерлерді Астанаға жіберуді әкімнің есептік кездесуінде өтінгенін жеткізді.



- Әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз, - деді Мария Сорокина. – Мен өз зейнеткерлерім үшін алаңдаймын. Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің қатысуымен өткен ауыл әкімінің есептік кездесуінде мен көшелерді жарықтандыруды және зейнеткерлерді Астанаға жіберуін сұрадым. Көп уақыт өтпей көшемізге жарық тартылды. Міне, енді елордамызға жіберіп жатыр. Сол үшін қала әкіміне зор алғысымды білдіремін. Біздің қариялар өте белсенді. Хорға, көрмелерге, қоғамдық шараларға қатысып тұрады. Арамызда Астанаға алғаш рет бара жатқандар бар. Астана – ертегідей қала. Сол қаламен танысатынымызға қатты қуаныштымыз.

Айта кетейік, саяхатқа аттанған зейнеткерлердің ең үлкені – 88 жаста. Павлодар ауылында барлығы   867 зейнеткер тұрады.

 

Оразбек Саяхат

Фото:автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы, рухани