Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірге арнайы атбасын бұрып, аудан активіне жаңа басшыны таныстырды.

Қаршыға Арыновтың кандидатурасы Президент әкімшілігімен және аудан мәслихатымен келісілген.

Аймақ басшысының айтуынша, оның басқарушылық тәжірибесі жоғары. Қаршыға Зарықханұлы мемлекеттік қызмет саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Әр жылдары Ақсу қаласының құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, коммуналдық меншік және қаржы бөлімдерін басқарған. Соңғы төрт жылда энергетиктер шаһары әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Астана қаласындағы орталық мемлекеттік органдармен байланысы жақсы. Осы жайттарды ескере келе облыс әкімі Ақтоғай ауданының басшысына жоғары міндеттер жүктелетінін жеткізді.

 - Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту қажет. Суармалы егістіктердің көлемін арттыру міндеті тұр. Ертіс өзенінің мол алқаптары және өңірдің облыс орталығына жақын орналасуы бұған оңтайлы жағдай тудырып отырғаны белгілі. Шаруашылықтың осы бағытына ден қойған кәсіпкерлер табылып жатса, қазына қаржысы есебінен инженерлік инфрақұрылымын тартып беруге әзірміз. Ол үшін алдымен суармалы шаруашылыққа бет бұруға ниетті кәсіпкерлерді табу қажет, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы кенже қалып жатқанын ескертті. Бүгінде мұнда аталған бағыт бойынша 9 шағын наубайхана мен бір сүт өңдеу цехынан өзге ауыз толтырып айтарлықтай жетістік жоқ.

Бұдан бөлек, Болат Жұмабекұлы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды, оңтүстік өңірлерден еңбекке жарамды тұрғындарды көшіріп әкеліп, оларға тиісті жағдай жасауды тапсырды.

Ақтоғай ауданының тізгінін қолына алған Қаршыға Арынов аймақ басшысына артылған сенім үшін алғысын білдіріп, алдына қойылған мақсат-міндеттерді абыроймен орындауға барын салатынын айтты. Аудан активін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.  

Данияр Жұмаділ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, саясат