Мәжіліс депутаттарының Ақсу ферроқорытпа зауытының ұжымымен кездесуінде бұл мәселені зауыт шебері Борис Власов көтерді.

- Ақсу арқылы өтетін Ертіс өзені жылғасының бір бөлігі жалға берілген, - деді Борис Власов. – Енді ол ұйым тұрғындарды балық аулауға кіргізбейді. Кіру үшін лицензия алу керек. Маусымдық лицензия – 3000 теңге, бір реттік – 500 теңге. Көлді жалға алса түсінемін. Өйткені ол жабық су қоймасы. Ал өзеннің жылғасы қалаға келеді. Бұл жылғаның стратегиялық маңызы бар. Сонда қандай негізде жалға алғанын білмеймін. Біз бұл суды қолданамыз. Ал жалға алушы ол жерде не істеп жатқанын кім білсін?!

Қала әкімі Николай Дычко мәселенің қарастырылып жатқанын жеткізді.

- 700 адам қол қойып бізге өтініш түсірді, - деді қала басшысы. – Біз құжаттарын қарап, конкурс өткізу кезіндегі қателіктерді байқап, көрсетіп бердік. Жауапты орган бұл мәселені қарастырып жатыр.

Мәжіліс депутаты Айзада Құрманова көтерілген мәселені бақылауға алынатынын жеткізді.

- Бір топ мәжіліс депутаттары Ертіс өңіріне келгендегі мақсатымыз – қабылданып жатқан заңдарды халыққа насихаттап, түсіндіру және Елбасының бастамаларын жүзеге асырылуын бақылау, - деді Айзада Құрманова. – Халықпен және Металлургтер күні қарсаңында Алюминий және АФЗ ұжымымен кездесу өткіздік. Кездесуде бірқатар мәселелер көтеріліп жатыр. Мысалы, бүгінгі Ақсудағы зауыттың жұмыскерлері Ертіс өзені жылғасын жалға алу туралы айтып жатыр. Оны біз өз бақылауымызға алдық. Әрі қарай айналысатын боламыз. Ақсулықтар ел экономикасына елеулі үлес қосуда. Барлық ақсулықтарды келе жатқан Металлургтер күнімен құттықтаймын. Жұмыстарының жандана беруін тілеймін.

Айта кетейік, мәжіліс депутаттары Мейрам Пішембаев, Альберт Рау, Александр Суслов және Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова, Анар Жайылғанова АФЗ аралап, кәсіпорынның жағырту жұмыстарымен танысты.

Оразбек Саяхат
Фото: Айбек Жұматов

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам