Алғашқы болып қызыл кілем үстімен қазылар алқасының және Қазақстан кинематографтар одағының төрағасы, танымал кинорежиссер, сценарист, «Шал», «Әбілқайыр хан» картиналарының авторы Ермек Тұрсынов жүріп өтті.



-  Бұл ерекше шара, - деді Ермек Тұрсынов. – Мұндай шараны дәтсүрге айналдыру керек. Келіп тұратын боламыз. Үлкен режиссерлер кішкентай метраждардан бастайды. Бірнеше жұмыстарды қарап шықтым. Мақтауға тұрарлық еңбектер бар. Мен жаңа есімдерді күтемін. Павлодар  мұндай бастама көтеріп отырғаны қуантады. Фестиваль өзге облыстарға да үлгі болып отыр.

Павлодардың тумасы, «Айка» фильмінде басты рөлдердің бірін ойнаған жас киноактер Асхат Көшеншереков өңірімізге қатысты қуанышты жаңалығымен бөлісті.



-  Толықметражды фильм түсіруге қадам баспақпын, - деді Асхат Кучинчереков. – «Шекара» атты фильмнің түсірілімі Павлодар облысында Қазақстан мен Ресейдің шекарасында өтетін болады. Фильм келесі жылдың күзінде дайын болады деген үміттемін.

Екібастұз қалалық телеарнасының операторы Геннадий Дробецтің «Көше тұлғалары» циклінің Естай Беркімбайұлына арналған шағын фильмі де фестивальге қатысуда.



- Фильм аталмыш тұлға туралы баяндайды. Елімізде Естай атындағы көптеген көшелер бар. Әсіресе, Павлодар облысын атап өткен жөн. Осындай үлкен фестивальге алғаш рет қатысып отырмын. Осының өзі жетістік деп санаймын, - деді Геннадий Дробец.

Айта кетейік, ертең яғни, 12-шілде күні 8:00-ден бастап Ertis Cinema кинотеатрының үшінші залында іріктелген фильмдерді көрсете бастайды. Ең ұзақ фильм 29 минутқа созылады.



Бірінші болып көрермендер назарына Ирак режиссеры Шукри Махмудтың «Raven» фильмі ұсынылады.

Еске салайық, «Рухани жаңғыру» аясында Павлодарда өтіп жатқан Ertis Cinema кинофестиваліне 21 елдің режиссерлері қатысуда.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кинофестиваль, мәдениет, Рухани