Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азматтық қорғау полковнигі Ринат Валешанов соңғы он күнде «Энтузиаст» саяжайында 12 үйде өрт шыққанын айтады.

- 15-сәуірден бастап өрт қауіпі жоғары мерзім басталды, - деді Ринат Валешанов. – Осыған байланысты ескерту шаралары көбейді. Соңғы он күнде осы Энтузиаст саяжайында 12 үйде өрт шығып, миллион теңгеге жуық шығын келтірілді. Оған қоса, қазір  ауа райы ыстық әрі құрғақ. Сондықтан жергілікті полиция қызметінің атты полицейлерімен бірге патруль  құрылып, өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы және қалалық ТЖБ өкілдерімен бірге  алдын алу шараларын өткізудеміз.  Соңғы екі жылмен салыстырғанда саяжайларда өрт  фактілері  сиреген.  Оған қалдықтар мен иесіз қалған бөліктердің азайып, жаппай сенбіліктер ұйымдастыру әсер септігін тигізген.

Басқарма басшысының айтуынша, өрттің шығуына  көбінесе адамдардың қоқыстарды өртеу кезінде абай болмауы себеп болады. Соңғы он күнде тілсіз жауға байланысты жеті адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.

Айта кетейік, рейдтік шара барысында саяжай тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, орын алған қызыл жалынды сөндіру жолдары көрсетілді. Сонымен қатар, қауіпсіздік ережелерін сақтау және ескерту жөніндегі парақшалар таратылды.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам