Сайысқа облыс аумағынан келген сегіз үміткер Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында бақ сынасты.

- Ертең Павлодар қаласында Майра Шамсутдиноваға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы болады, - деді мәдениет сарайының басшысы Асылбек Сапарбек. – Осыған орай сайысты атақты қазақ композиторының шығармашылығына арнауды шештік. Шара аймақтағы дарынды жастарды анықтау мақсатында да  ұйымдастырылып отыр.  Бүгін қатысуға өтініш білдірген 15 үміткердің сегізі ғана  келіп отыр. Бірақ біз үшін бұл маңызды емес. Себебі, бізді өнерпаздардың саны емес, олардың дәстүрлі ән орындау сапасы қызықтырады.

Сахнаға алғашқы болып шыққан Ақжол Әбдіреев Железин ауданынан келді.

- Дәстүрлі ән айтып жүргеніме  бес жылдай  болды. Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеу - мен үшін жоғары мәртебе. Бұл өнерді аудан оқушыларына да үйретіп жүрмін. Бүгін мен Майра апамыздың «Майра» және «Ахау, Семей» әні мен халық әні «Ақ бақай» мен «Екі жирен» әндерін орындаймын, - деді Ақжол Әбдіреев.

Жалпы қатысушылар Майра Шамсутдинованың «Гауһар тас», «Ертіс», «Сәулем-ай», «Мақпал» әндерімен қатар, Александр Затаевичтың әндерін жазып алып нотаға түсірген жерлесіміздің орындауындағы «Көкмайса», «Қарағым-ау», «Қаракөз», «Баянауыл», «Толқын» әндерін домбыраға салып айтып берді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша 200 мың теңге көлемінде бас жүлде  павлодарлық Дәуренбек Слямғалиға бұйырды. 

Бірінші орынды Кәден Талан  жеңіп алса, сайыстағы жалғыз  нәзік жанды Салтанат Қисатова екінші орынды иеленді, ал үшінші орынды Айдын Қанапин  еншіледі. Қалған қатысушылар алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды.

Айта кетерлігі, бас жүлдені иеленген Дәуренбек Слямғали жүлдесін Қала күні мерекесінде Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтың қолынан алады.

 

Назым Қарабаева

Фото:автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы, рухани