Бұл туралы Павлодар облысы «Жасыл ел» штабының комиссары Заур Совет мәлім етті.

- Республикамыздағы жалғыз медициналық топты Екібастұз медициналық колледжінің студенттері құрайды, - деді Заур Совет. – Жастарға жазғы уақытта пайда табумен қатар тәжірибе жинаудың мүмкіндігі туып отыр. Олар кеншілер қаласындағы үш емханада медбикелерге көмек көрсетіп еңбек етеді.

Өңірлік штаб комиссары 2018 жылы Екібастұздағы жасыл елдіктердің саны 300-ді құрап, рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті.

- Сарбаздар тоғыз топқа бөлінеді,- деді Заур Совет. – Олар – студенттер мен жұмыссыз жастар. «Жасыл ел» жұмысын медициналық, құрылыс, педагогикалық, археологиялық, насихаттаушы, экологиялық, жыл бойы, еріктілер және сервистік топтар атқарады. 51 адамнан тұратын «Жыл бойы» тобы үздіксіз еңбек етеді. Бұл топты «Ардабил – ЛТД» ЖШС жұмысқа қабылдап, жалақыларын төлейді. Екібастұзда облыстағы экология жылына орай ағаштар мен гүлдер отырғызу, экологиялық акциялар, флешмобтар және өзге де шаралар қарастырылған. Сарбаздар Астана күніне орай «20 аула - 20 үй» акциясы аясында аулаішілік аумақтарды абаттандырды.

Айта кетейік, 2016-2018 жылдары аралығында 1000-ға жуық жетім, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың студенттері мен жұмыссыз жастар жұмыспен қамтылды.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Екібастұз, Жасыл ел, қоғам