Қазақстан кинематографтар кеңесі мен қазылар алқасының төрағасы, кинорежиссер, сценарий жазушы, аудармашы, «Шал», «Кемпір» және «Әбілқайыр хан» туындыларының авторы, жазушы Ермек Тұрсынов режиссерлік мансапты «Келін» картинасынан бастаған. Фильм «Оскар» жүлдесіне үміткер қысқартылған тізімге «Шетел тіліндегі үздік фильм» номинациясы арқылы енген.

Қазылар алқасының қатарында 50 рөлді сомдаған КСРО-ның халық әртісі, театр және кино режиссері, сценарий жазушы Асанәлі Әшімов, «Зеркало для героя», «Мусульманин», «Поп» және «72 метра» фильмдерімен танымал болған кинорежиссер, актер, сценарий жазушы, ұстаз, РФ халық әртісі Владимир Хотиненко, «Шок и Шер», «Однополчане», «Три Татьяны и Надежда», «Dumi Kurmangazi», «Мукан Тулебаев» сынды картиналардың бірлесіп жазған авторы, кинодраматург, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов бар. Сонымен қатар, Чехов атындағы облыстық драма-театрының жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Виктор Аввакумов пен кинорежиссер Людмила Лебедева бар.

- Біздің алғашқы фестивалімізге шетел режиссерлері қызығушылық танытуда, - деді қазылар алқасының мүшесі Салауат Игіліков. – Танымал режиссерлердің павлодарлық кинофестивальге жақсы көзқараспен қарап, біздің шақыруымызды қабыл алғандарына қуаныштымыз.

Владимир Хотиненко Ertis Cinema фестиваліне қатысуға ғана емес, туған жерімен қайта қауышып, жерлестерімен шығармашылық кездесу ұйымдастыруға келді.

- Ұйымдастырушы комитет облыс әкімінің бұл бастамамызға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді. Осында жиналған адамдардың арасында мәдениет басқармасы мен жастар бастамаларын дамыту орталығының белсенділері қонақтарды күтіп, экскурсия жүргізуге қол ұшын беріп жатыр, - деді Салауат Игіліков.

Еске сала кетейік, кинофестивальге 21 мемлекеттен режиссерлер келді.

Фильмдерді Ertis Cinema және Әбусейітов атындағы МСО-да тамашалауға болады. Билеттің құны - 100 теңге. Жеңімпаздардың есімдері 14 шілде күні Ertis Promenade сахнасында жарияланады.

Фариза Қазыбекқызы
Фото: ertiscinema.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кинофестиваль, Рухани