Бүгін павлодарлықтар Шәкен Аймановтың шәкірттері кинорежиссер, сценарист әрі продюсер Сламбек Тәуекел және кинодраматург, жазушы Сатыбалды Нарымбетовпен танысты. Жанкүйерлер қонақтарды «Қоғамдық келісім» ғимаратында қарсы алып, арнау орындады.

Кино саласының майталмандары өздерінің алғашқы қадамдары мен жетістіктері, кинематография туралы айтып берді.

Сатыбалды Нарымбетов С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын бітірген. КСРО кинематографистер Одағының мүшесі, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, көптеген мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың лауреаты. Әлемдік деңгейдегі кинематографистердің қатарына шығарған алғашқы «Жизнеописание юного аккордеониста» киносына дейін көптеген толық метражды көркем және деректі фильмдер түсірген. 10-нан астам фильмге сценарий жазған. Бірнеше повестер топтамасын шығарған.  

- Мен Қазақстанның көптеген қалаларында болдым, - деді Сатыбалды Нарымбетов. - Дегенмен, Павлодарға бірінші рет келіп отырмын. Өздеріңіз көріп отырғандай,  асып бара жатқан бойым жоқ. 1.63 сантиметр. Балалық шақта 3-4 сыныптарда оқыған кезде  әрқайсымыздың басымыздан кешкен қызықты оқиға болады. Сол кезде қарсы буындағы  қыздарға көз сала бастаған едік. Бірақ бір де бір қыз қарамайтын. Әкем домбыра тартуды үйреткенмен, сыртта ойнап жүрдім. Жалпы, әлемдегі  Эйнштейн, Чарлин Чаплин сияқты белгілі адамдардың  өзі бойындағы бір кемшілікті сезінген.  Дегенмен, оның  өзі ешкімнен кем қалмауға тырысу үшін  алға жетелейтін күш  екен.  ҚазМУ-дың журналистика факультетінің үшінші курсын аяқтағаннан кейін  оқуды тастап кетіп, Мәскеуге кеттім. Сол жақта  Шәкен Аймановты кездестіріп, кинематография институтына оқуға түсуіме көмектесті.

Сламбек Тәуекел Железин ауданының тумасы. С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын бітірген. Кинематографистер Одағының мүшесі. Бірнеше деректі фильм түсірген. Алғашқы «Батыр Баян» көркем фильмін М. Жұмабаевтың поэмасына 1993 жылы түсірген.

Еске сала кетейік, шығармашылық кездесулер Ермек Тұрсынов, актер Фархат Абдрайымов, ресейлік режиссер Владимир Хотиненкомен өткен.

Бүгін ойын киносы күні. Таңғы сағат алтыдан бастап  түн ортасына дейін жалғасады. Алты блок екі сағаттан көрсетіледі. Нәтижесі ертең шығады.



 

pavlodarnews.kz

Тэги: кинофестиваль, рухани