Халық қалаулысы Айзада Құрманова ауылдық жерлердегі әлеуметтік нысандардың көбейуі мен көркейуі тұрғындардың көшіп кетпеуіне әсер ететінін айтты.

- Павлодар облысындағы жұмыс сапарымыздың барысында аталмыш бағыттағы жұмыстардың атқарылып жатқанын байқадық, - деді Айзада Құрманова. – Ертіс ауданында ауылдық жердің стадионын жөндеуге қомақты қаржы бөлініпті. Бүгін міне Аққу ауылының орталық саябағының да күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын көріп отырмыз. Ауылдық мектептерде ІТ кабинеттері де көптеп ашылуда. Сонымен қатар елді-мекендерде абаттандыру, көшелерді көркейту мен жолдарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұның бәрі жастардың, ауыл халқының тұрақтап қалып, еңбек етуі үшін маңызды.

Айта кетейік, Аққу ауылындағы орталық саябақтың күрделі жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 55 миллион теңге қаржы бөлінген. Саябақта демалыс орындары, жаттығу мен ойын алаңдары және мерекелік шараларды өткізуге арналған сахна құрылады. Жарықтандыру үшін 99 баған орнатылмақ. 20 түп қарағаймен қоса, өзге де жеміс ағаштары және 10 мың шаршы көгал отырғызылады. Жөндеу жұмыстары 1-маусымда басталған. Тамыз айының 10-да аяқталады деп күтілуде.

Мәжіліс депутаттары ең алдымен еліміздің орталығы мен шығысын байланыстыратын басты жолдың жөндеу жұмыстарын қарып шықты.

- Орталық пен Шығысты байланыстыратын жолдың Лебяжі ауданы аумағындағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, - деді Айзада Құрманова. – «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жұмыс келер жылы Астанадан Семейге дейін жетеді деп жоспарлануда. Оған қоса, аудандағы «Агросервис-Акку» ЖШС егіс алқабында болдық. Шаруашылықтың елбасының суармалы жерлерді ұлғайту жөніндегі тапсырмасы бойынша ауқымды жұмыс жасап жатқаны байқалады. Мың гектар жерді игеруде. Бұл ауданға серпін беретін экономикалық жоба деп айтуға болады.

Оразбек Саяхат
Фото: Константин Музалевский

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам