Бұл туралы Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Абзал Қабдраш мәлім етті.

- Батыс Қазақстан өңірінен атбасын бұрған меймандар 14-шілде күні Баянауыл ауданына сапар шегеді, - деді Абзал Қабдраш. – Демалыс бағдарламасына Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесіне, Жасыбай батырдың ескерткіші мен Жасыбай көліне бару, Қоңыр Әулие үңгірін аралау, қола дәуіріндегі археологиялық ескерткіштерді көрсету, сақ қорғандары мен басқа да тарихи жерлермен таныстыру енгізілді. Сонымен қатар, өңір қонақтары Торайғыр ауылында өтетін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын мерекелеу шараларына қатысады. Бұл күні олар этноауылдың, ақындар арасындағы республикалық мүшайраның көрермендері болады. Торайғырға апаратын жаңа жолда өтететін дуатлон жарысына қатысып, Ертіс өңірінің ерекше мәзірмен дайындалған ұлттық тағамдардан ауыз тиеді.

Облыстық білім беру басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, делегация 15-16 шілде күндері Павлодар қаласының ерекше жерлерімен танысады. Қонақтар М.Көпеев атындағы мешітті, Сұлтанбет сұлтанның мекенін, Г.Потанин, Бұқар Жырау атындағы мұражайларды аралап, М.Катаев атындағы Оқушылар сарайына барып, теплоходпен Ертіс өзенінде серуендеп, Ertis promenade сахнасын тамашалайды.

Айта кетейік, Атырау облысының қонақтарына біздің облыстың атынан естелікке кәдесыйлар тарту етіледі.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Екібастұз, қоғам, Рухани