Орталық жағалаудағы металлургтердің құрметіне арналған концерт әсем бимен басталды. Би барысында әртістер алюминийдің қалай дайындалатынын көрсетті.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов «қанатты металл» дайындалатын глинозем Ертіс өңірінен ресейлік нарыққа жеткізілетінін және алюминийдің өзі Еуропа мен Азияда сұранысқа ие екенін атап өтті.

- Бүгінде алюминий кластері еліміздің металлургия саласының негізі болып отыр, - деді өңір басшысы. – Мен «Қазақстан алюминийі» АҚ және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-да еңбек ететін павлодарлық металлургтердің президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанда жасалған» маркасы бойынша шығарылған өнімнің әрдайым сұранысқа ие және жоғары сапалы болсын деген тапсырмасын орындауға бар күшін салатындарына сенемін.

Облыс әкімі қос кәсіпорынның үздік қызметкерлеріне алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын табыстады. Сонымен қатар, өзге де ондаған металлургтер ERG корпорациясының арнайы марапаттарына ие болды.

- Жыл басынан бері 750 мың тонна глинозем, 2,5 миллион тонна боксит және бір миллион тонна әктас өндіріліп, 127 мың тоннадан астам бастапқы алюминий шығарылды, - деді «Қазақстан алюминийі» АҚ басшысы. – Мұның бәрі – нағыз кәсібилердің маңдай тер, күш-жігерлерімен атқарған еңбектерінің жемісі. Біз ортақ ісімізге әр адамның қосқан үлесін жоғары бағалап, заманауи және қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етуге тырысамыз.

Павлодардың басты алаңына жиналғандар үшін қазақстандық әнші Luina мен ресейлік поп-орындаушы Дима Билан өнер көрсетті. Көрермендер жұлдыздардың әнін қосыла шырқап, олармен бірге суретке түсті.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, металлургтер күні, экономика, қоғам