Мемлекеттік кірістер басқармасының қалалық бөлімі жеке тұлғалардың ақпаратын қабылдау мен өңдеу орталығының  басшысы Мақсұт Қаңтарбаевтың айтуынша, жаңа залдың ашылуына тұрғындардың өтініштері себеп болған.

- Бұрын жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға  бір жерде қызмет көрсетілетін, - деді орталық басшысы. – Қазір қала тұрғындарының өтініштерін қарастырып, оларға жеке зал ашуды қарастырдық. Әрине, бұл екі жаққа да ыңғайлы болды. Енді екі тарап әртүрлі залда отырып, қызмет алады.

Бүгінгі күні жаңартылған залда бір мезетте 12 адам  қажет қызмет түрін алып, залдан шықпай-ақ «Қазпошта» АҚ арқылы төлемдерін жасай алады. Осында көлік, жер мен мүлік салығын төлеуге болады.

- Залда адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Орындықтар мен салқындатқыш орнатылған. Сонымен қатар, балалармен келген ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін бүлдіршіндерге арнайы ойын алаңы қойылды, - деді Мақсұт Қаңтарбаев.

Бөлім басшысы қазіргі уақытта қала тұрғындарына 2017 жылға жер мен мүлік салығының түбіртектері таратылып жатқанын тілге тиек етті. Түбіртекті әлі қоладырына алмаған павлодарлықтар осы бөлімшеге келіп, салықты төлей алады.

Мүлік салығын төлеуге келгендердің арасында зейнеткер Татьяна Гончеренко бар.

- Біз үшін бұл зал өте ыңғайлы. Себебі бұрын біз заңды тұлғалармен бір залда отырып, ұзақ уақыт бойы кезек күтетін едік. Енді бес минуттың ішінде керекті салықтарды төлеп алатын болдық, - деді зейнеткер.

 

Назым Қарабаева

Фото:автор

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы