Бұл туралы «Ертіс» ФК-ның баспасөз қызметкері Дархан Бекішев айтты.

- Әлеуметтік желілерде жанкүйерлер ойынды жұмыс күні болғандықтан сағат 20:00-де бастауды ұсынды, - деді Дархан. – Алайда Qazsport арнасы матчты 21:00-ден бастап көрсетуге келісті. Бұл Еуропаның тәжірибесінде бұрыннан қолданылып келеді. Әзірге ешкім шағымданған жоқ.

Ойын алды баспасөз жиынында «Ертіс» ФК-ның бас бапкері Ойрат Садуов литвалық команданың отандық «Қайсар» командасына ұқсайтынын айтты.

- «Тракайдың» ұзын бойлы қорғаушылары, жылдам қарымта шабуылға шығуы және қауіпті стандарттары қазақстандық «Қайсар» командасына ұқсайды, - деді Ойрат Садуов. – Ертеңгі ойында бізге көп тәуекелге баруға болмайды. Өйткені, есеп ашылған тең ойынның өзі қарсыластың пайдасына шешіледі. Сондықтан қорғаныста ұқыпты ойын өткізуге тырысамыз. Қосымша құрамда көп таңдауға мүмкіндік болмады. Сол себепті, ойынға шығатын ойыншылар толық таңдалған жоқ. Өткен ойында виза ала алмауына байланысты Фуад Салами қатыса алмады. Ертең міндетті түрде ойнайтын болады. Шабуылға серпін береді деген ойдамын.

«Ертіс» қақпашысы Никита Калмыков екі команданың бірдей жағдайда тұрғанын айтты.

- Өткен матчта біз гол соға алмадық, - деді Никита Калмыков. - Алайда, өз қақпамызға да гол өткізбедік. Біз алаң иесі болсақ та, есеп тең болса қарсыластарға басымдылық беріледі. Ойынға көрермендердің көп келгенін қалаймыз. Трибунаға қарап жанкүйерлер қатары азайып бара жатқанын көргенде көңіліміз босайды. Команданың барлық ұжымы, ойыншылар да, жаттықтырушылар да ертең түнгі сағат 23:00-ге қарай жанкүйерлердің стадионнан көңілді қайтулары үшін барымызды саламыз.

«Тракай» ФК-ның бас бапкері Кибу Викуня қарсыластарын зерттеп алғандығын көрсетті.

- «Ертіс» ұйымдасқан ойын түрін көрсететін команда, - деді бас бапкер. - Соңғы үш матчта павлодарлықтар үш түрлі жүйемен ойнады. Литвадағы ойын тең дәрежеде өтті. Ертеңгі матч екі командаға да қауіпті. Біз мұнда бір мақсатпен ғана келдік. Сол мақсатқа жетуге ұмтыламыз.

Айта кетейік, павлодарлық «Ертіс» ФК орталық стадионда 19-шілде күні сағат 21:00-де Еуропа Лигасының бірінші іріктеу турының қарымта матчын өткізеді.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: спорт, футбол, Ертіс