Бұл туралы Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Абзал Қабдраш мәлім етті.

-  Аталмыш шара әншінің туған мекені Екібастұз қаласы Қаражар ауылынан бес шақырым жердегі Әулиекөл көлі жағасында өтеді, - дейді Абзал Қабдраш. - Мерекелік бағдарлама Екібастұз тарихи-өлкетану музейіндегі Естай Беркімбаевқа арналған залдың ашылуынан бастау алады. Бұл залда ақынның тұрмыста қолданған жеке заттары орналастырылады.



Әулиекөл жағасында бой көтерген этноауылда сағат 10:00-ден бастап қолданбалы өнер заттарының жәрмеңке-көрмесі, бүлдіршіндер  алаңы мен спорттық алаңдар жұмыс істейді.

Сағат 11:00-де шығармашылық  зиялы қауымның қатысуымен диалог алаңы  ұйымдастырылады. Оған облыс әкімі Болат Бақауов, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосын, тарих  ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев және тағы да басқа ғалымдар мен құрметті қонақтар қатысады.



Түстен кейін басталатын республикалық дәстүрлі-аспапты ән фестивалі  бәйгемен жалғасын табады.

Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойында «Бастау» тобының өнер көрсетуі жоспарланған.

Айта кетерлігі, «Бастау» тобы АҚШ-тың World Champions Olympic байқауына қатысып бірінші орын иеленген. Бұл топта Ернат Наурыз бен Темірлан Олжабай өнер көрсетеді. Темірлан – Естай Беркімбайұлының жиені.







pavlodarnews.kz

Тэги: рухани