Білім ордасының баспасөз хатшысы Рымгүл Божақанованың айтуынша, 8-15 шілде аралағында өткен  олимпиадаға әлемнің түкпір-түкпірінен 700 бала қатысқан.

Екінші және үшінші орынды иеленген Назарбаев зияткерлік  мектебінің 10 сынып оқушысы Хайдар Қайырбек пен  11 сыныптың оқушысы Дияр Туленов физика пәні бойынша осымен алғаш рет қатысып отырған жоқ. Бұған дейін олар республикалық олимпиадаларда алтын медальге қол жеткізген. Дияр Туленов Қазақстанның олимпиадалық резервіне кіреді. Олардың жетекшілері - физика пәнінің ұстазы Назымгүл Кәрімова мен  химия пәнінің мұғалімі Оразбай Асылбек.

- Биылғы жылы жарыстың аясы кеңейе түскен. Бұл жолы математика, физика, химия және информатика  пәндері бойынша  дәстүрлі «Туймаада» олимпиадасынан басқа,  ғылыми конференция мен «Роботтар ойыны»,  «IT – Хакатон» бағдарламалық қосымшаларды дайындау бойынша командалық жарыс, 3D-модельдеу  сайысы  өтті.  Қатысушылар саны да басым болды.  Әлемнің 20 мемлекетінен келді, - деді Дияр Туленов.

Бұған дейін Дияр өткен жылы  аталмыш олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, Абсолютті жеңімпаз атанған. Қазіргі таңда ол физика пәні бойынша Португалия елінде мектеп оқушылары арасында  өтетін халықаралық олимпиадаға дайындалуда.  IPhO - International Physics Olympiad –  мектеп оқушылар арасында  ұйымдастырылатын шара.

- Жыл сайын аталмыш сайыста еліміздің бес үздік оқушысы ел намысын қорғайды. Биылғы жылы мұндай мүмкіндік маған бұйырған. Сондықтан  бар күш-жігерімді салатын боламын, - дейді ол.

 «Туймаада» олимпиадасында алғаш рет  бақ сынаған Хайдар Қайырбек бүгінгі таңда  Халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысуға дайындалуда.  

Ақбота Сейсенбаева

 
 


pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам