Павлодар қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбек Қабиев шаһардағы шағын спорттық алаңдарды жаңадан салу мен ескілерін жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 136,5 миллион теңге бөлінгендігін айтты.



-    Осы жылы 11 нысанды пайдалануға береміз, - деді Айбек Қабиев. – Суворов көшесі, 39 мекенжайындағы жабық хоккей алаңына 14,6 миллион теңге бөлінді. Бұл нысан 1999 жылы салынып, содан бері ешбір жөндеуден өтпеген. Жөндеу жұмыстарын «СтройГрупп PVL» ЖШС жүргізді. Мердігер ұйым жабындыларын және жарықтандыру жүйесін ауыстырды. Пластикалық әйнектерді орнатып, бояуларын ретке келтірді. Сондай-ақ ата-аналарға арналған күту және аяқ киім ауыстыру бөлмелері жасалған. Алаңға келгендер жаздың күні роликтермен ойнаса, қыста коньки тебетін болады. Үлкен адамдар – 400, балалар – 200 теңгеге алаңға кіре алады. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі балалар тегін кіреді.



Айта кетейік, жабық хоккей алаңының ашылуында тұрғындар нысанның алдындағы автомобиль жолын жабуды ұсынды. Сол жолдың үстімен көптеген балалар өтетіндіктен, қауіпті екендігін жеткізді. Қала әкімі Нұржан Әшімбетов мәселенің шешілетінін айтты.

Сонымен қатар, бүгін Тәуелсіздік даңғылы, 20 мекенжайындағы ағаш хоккей корты мен Ткачев, 17/1 үйінің жанындағы шағын футбол алаңы қайта ашылды.



Павлодарлық «NV lab» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізген ағаш хоккей кортына 6,5 миллион теңге бөлінген. Корт алаңына 20х40 метрлік жасыл жабынды төселді. Нысанның ерекшелігі жазды күні футбол, қыс мезгілінде хоккей ойнауға болады.



Ткачев көшесі, 17/1-дегі шағын футбол алаңында алматылық «BG company» ЖШС жасыл жабындысын ауыстырып, жарықтандыру жүйесінің шамдарын жаңартты. Бұл жұмысқа 5,4 миллион теңге қаржы жұмсалды. Мердігер ұйым нысанның ашылуына орай аталмыш алаңда спортпен шұғылданатын «Тарлан» аулалық клубына екі түрлі ойын киімі мен 12 доп сыйға тартты.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар қаласы, спорт, қоғам