Бұл туралы Ақсу қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

-  Балалардың  арасында «Сөз құрастыр», «Кім алғыр?», «Сөз дөңгелегі» сынды сайыстар   ұйымдастырылды, - дейді «Тілдік келісім» жобасының оқытушысы Гүлнар Елгонденова. - Сонымен қатар,   жеткіншектер бауырсақтың түрлерін үйренді. Ауладағы әжелермен бірге клубта  бауырсақ  пісіріп, өздері әзірлеген бауырсақ пен тәтті шайдан дәм татты.  Курс 20 тамызға дейін жалғасын табады.  Мақсаты - қазақ тілін оқытуды ойын түрі арқылы насихаттау, балалардың бос уақытын тұрғылықты жері бойынша тиімді ұйымдастыру, тілдік қоры мен дүниетанымын кеңейту.

Аталмыш шараға Ақсу қаласындағы  «Ақ желкен», «Искра» және «Жұлдыз» атты үш аула клубының  балалары  жиналған. Олар   үлкен буын - әжелер, орта буын –  ата-аналар мен кіші буын – балалар  болып  үш топқа бөлініп,  бауырсақ және басқа да қазақтың ұлттық тағамдары туралы  өз білімдерін ортаға салған. «Искра» клубына  жас ерекшеліктері әртүрлі 40 шақты бала келеді.

-  Жаздың соңына дейін әлі 10 шақты шара өткізу жоспарланып отыр, - дейді  жобаның оқытушысы. -  Еркін жағдайдағы викториналар, ұлттық қимылдық ойындар, спорттық эстафеталар  аула балаларының араласуына, тілді меңгеруіне  септігін тигізеді.  Бүгінгі таңда жоба өз нәтижесін беруде. Өзге ұлт өкілдерінің балалары да жоғары қызығушылықпен қатысады. Жарыстың  соңында  «Белсенді аула», «Белсенді үй», «Белсенді үй иесі», «Белсенді ата-әже»  сияқты бірнеше номинация бойынша марапаттау рәсімі жүргізіледі.

Айта кетерлігі, Ақсу қаласында маусым айынан бастап «Тілдік келісім»  жобасы  жүзеге асырылуда. Жобаның авторы – «Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кинжикова.


Ақбота Сейсенбаева

Фото, видео: Ақсу қаласы әкімінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам