Бұл туралы Оrtcom.kz хабарлайды.

Жиырма жетінші рет өткізілген халықаралық өнер фестивалінің Гран-при жүлдесі Румыниялық өнерпаз Марчел Рошкаға бұйырған болатын. Рошка мен Ернар Садырбаевтың ұпайлары бірдей болған. Бірақ, қазылар алқасының төрағасы Александр Морозовтың ұйғаруымен бас жүлдеге румыниялық әнші лайық деп танылған.

Ел намысын қорғаған Ернар Садырбаев әуелі Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» шырқап, екінші күні оркестрдің сүйемелдеуімен Раймонд Паулстің «Подбери музыку» және Рокопера Моцарттың «Я сплю на розах» атты шығармаларын орындаған.

Жиын барысында Жан Мұқанов жас әншінің мына бір оқиғасын тілге тиек етті.

«Байқаудың соңғы күні Ернардың басқалардан ерекше тұстары көп байқалды. Өн байындағы өзіндік дарынынан бөлек, оның сыртқы сымбаты да сырттан бақылаған көрерменнің көңілінен шығып, «Әміреге» деген сүйіспеншілігін оятты. Себебі, біз оған арнайы қолдан қымбат косьтюм тігтірген болатынбыз. Осы киген киімі оның тартымдылығын арттыра түсті деуге болады. Өйткені оны жан-жағынан қолқалаған халық, суретке түсуге жанталасқан көрермен көп болды. Марапаттау басталатын тұста Ернар менен: «Мен көк туымызды жамылып шықсам бола ма»?, –  деп сұрады. Мен оған: «Әдемі киімің көрінбей қалады ғой», дедім. Сонда «Әміре»: Есесіне еліміздің көк Туы көрінеді», деді. Мен қарсылық білдірмедім. Бірақ ұйымдастырушылар қанша шешсін деп өтініш қылса да, Ернар еліміздің көк туы маңызды екенін қайталаудан танбады», деді продюсер.

Сондай-ақ Беларусь президенті Александр Лукашенко «Славян базары» фестивалінің ашылу рәсімінде әнші Роза Рымбаеваға «Өнер арқылы – бейбітшілік пен өзара түсіністікке» арнайы марапатын табыс еткенін айта кеткен жөн.

 


pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам