Мойылды ауылының әкімі Болат Файзуллин биылғы жылдан бастап ауылдағы жолдарды жөндеу жұмыстарына көңіл бөлініп жатқанын айтты.

- Жыл сайын қалалық бюджеттен жолдың кішігірім жөндеу жұмыстарына аздаған қаржы бөлінетін, - деді Болат Файзуллин. – Биыл орташа жөндеуге 20 миллион теңге бөлінді. 2019 жылға да осындай мөлшердегі қаржы бөлу жоспарланып отыр. Екі көшеге орташа деңгейдегі жұмыстар жүргізілді. Оған 16 миллион теңге жұмсалды. Артылған ақшаға тағы екі көшеге ұсақ тастар төгетін боламыз. Мектеп көшесіндегі 920 метр жолға асфальт төселсе, Парковая көшесіндегі 620 метр жол 1 метрге жуық биіктікке көтеріліп, үстіне ұсақ тастар жайылды. Өйткені аталмыш көше сазды-батпақты жер болатын. Бұрындары төгілген құм мен тастар батып кете беретін.

Ауыл тұрғыны Татьяна Эмих өзі көптен бері тұратын Парковая көшесіндегі жол соғыс уақытынан бері жөндеу көрмегенін жеткізді.

- Менің анам осы көшедегі жолға соғыс уақытынан бері қол тигізілген жоқ дейтін, - деп еске алды Татьяна Эмих. – Біздің көше ауылдан оқшау орналасқан. Сегіз үй бар. Әр үйде 2-3 отбасыдан тұрады. Жолдың нашарлығынан дүкеннен азық-түлік, газ, көмір сынды керек заттарды әкеле алмайтынбыз. Жедел жәрдем үйімізге жетпейтін. Резеңке етіктен басқа аяқ киім көрмейтінбіз. Балаларымыз кейде мектепке жете алмай қайтып келетін. Менің балаларым осы жолмен барып-келіп жүріп ауылдық мектепті бітірді. Енді немерелерім барып жүр. Ұзақ жылдан бері өтініш жасап жүрдік. Көңіл бөліп, қалауымызды орындаған басшылыққа алғысымыз шексіз.

Айта кетейік, Мойылды ауылында 1500-ден астам адам тұрады. Ауылдағы 14 көшенің тағы жетеуі жөндеуді қажет етеді.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мойылды, қоғам