Мойылды ауылының әкімі Болат Файзуллин биылдан бастап ауылдағы барлық су жүйесі мердігер ұйымдардың қарамағына өткендігін айтты.

- Ауылымыздағы КБМ, күнделікті шаруашылық жұмыстары үшін пайдаланатын су айдауыш мұнарасы, кәріз жүйесіне ендігіде мердігерлер жауап береді, - деді ауыл әкімі. – Бұл мақсатта 18 миллион теңге бөлінді. Осыған дейін бұл қызметтер қалалық ТҮКШ бөлімімен жүзеге асырылатын. Мердігер ұйымдарға тапсырылғаны бізге жақсы. Су жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін жеке ұйымнан талап ете аламыз. Су сапасын, сүзгілердің уақытылы ауыстырылуын да бақылап отыруға мүмкіндік бар.

Кешенді блок модульге жауапты «Ақсу пробтех ремонт» мердігер ұйымының өкілі Смағұл Боранбаев күніне 1000 литр ішуге арналған таза су сатылатынын айтты.

- Бұл КБМ 2005 жыл салынған, - деді Смағұл Боранбаев. – Оған дейін құдық жүйесі болған. КБМ-нің автоматтандыру құрылғыларын ауыстырдық. Шағын ғимараттың іші-сыртын қалыпқа келтірдік. Жұмыс жасап келе жатқанымызға алты айдан асты.

Смағұл Боранбаевтың айтуынша, таза суды тәуліктің кез келген уақытында алуға болады. 10 литр судың құны – 5 теңге.

Еске сала кетейік, Мойылды ауылында 1500-ден астам адам тұрады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Мойылды, қоғам