Бүгін таңғы сағат 6:00-де павлодарлықтар қалалық сапаржайда жеңімпаздарды күтіп алды. Шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшылығы, Ауған соғысының ардагерлері қатысты.



Аймақтық алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі оқу-тәжірибелік орталығы басшысының орынбасары Темірболат Аленов өңір үшін ерекше жетістікке қол жеткізген командаға алғысын білдірді.

-    Бас жүлде әкелген өрендерімізге алғысымызды айтамыз, - деді Темірболат Аленов. – Бұл облысымыз үшін үлкен жетістік. Бұрындары төртінші, бесінші орын алып жүргенбіз. Биыл жаңа жетістікке жетіп отырмыз. Қарағандыдағы байқауға екі командамыз барған. Біреуі – әскери мектеп-интернат. Олар өз араларында сайысты. Әскери-патриоттық клубтар арасындағы сынға «Қайсар» клубы түсіп, бас жүлдегер атанды. Облысымыз бойынша 10 ұл мен бес қыздан тұратын клубтық командамыз 16 өңірдің үміткерлерімен күш сынасты.

«Қайсар» әскери-патриоттық клубының мүшесі, Кенжекөл орта мектебінің 11-сынып оқушысы Фархад Искаков байқауға екі ай дайындалғандарын айтты.



-    Дайындық жасаған екі айда көп тер төктік, - деді Фархад Искаков. – Ұмытылмайтын күндер болды. Соның жемісін көріп отырмыз. Өзім бұл байқауға екінші рет қатысып отырмын. Өткен жылы 5-ші орын алдық. Биыл бәріміз өстік, физикалық жағынан басым екеніміз көрінді. Әрі қатысушылар арасында үлкендер болдық. АК-74 автоматын шашу мен жинауға қатыстым. Бұл сында командамызға ешкім тең келмеді.



Айта кетейік, IV «Айбын» жастар арасындағы республикалық әскери-патриоттық оқу-жаттығу жиынына 544 адам қатысты. Оның ішінде Қазақстанның әр өңірінен жиналған 32 әскери-патриоттық клуб бақ сынады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Айбын", қоғам