Аталмыш шараға жиналған қауым республикалық ұлттық саз-аспаптарында ойнайтын өнерпаздардың фестивалі мен зиялы қауым қатысқан шығармашылық диалог алаңының, жергілікті және отандық өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттің, сонымен қатар, ұлттық спорт түрі бәйгенің, қаз-қатар тігілген 30 киіз үйдің куәгері болды.



Ауқымды шарада сөз алған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Естай Беркімбаевтың ән әлемінде шоқтығы биік тұлға екенін атап өтті.



- Естай Беркімбайұлы ел тарихында ерекше орын алған, әндері алты ауызға тараған талантты дарын иесі. Бүгінгі күні махаббаттың символына айналған «Құсни Қорлан» әнін білмейтін адам кемде-кем. Еліне өшпес өнер, асыл мұра қалдырған Естай ақынның орны қазақ халқы үшін қашан да ерекше деп білемін. Естайдың ән жырын кейінгі ұрпаққа жеткізу - перзенттік борышымыз. Естай бабамызды зерттеп, іздейтін ұрпағы барда, қазақ халқы барда оның мұрасы өшпек емес, - деді аймақ басшысы Болат Бақауов.



Мерейтой иесінің құрметіне ұйымдастырылған диалог алаңында Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов Лос Анджелесте өткен халықарылық байқауда жеңіске жеткен «Бастау» домбырашылар тобын жеңісімен құттықтап, облыс атынан шежіре сыйлады. Айта кетейік, «Бастау» тобында өнер көрсететін Темірлан Олжабай - Естай Беркімбайұлының жиені.

Аталмыш шарада ұйымдастырылған ұлттық саз-аспаптарында ойнайтын өнерпаздардың фестивалі елді ерекше күйге бөледі. Онда Қарағанды, Петропавл, Астана, Орал қалаларынан келген әншілер мен «Қорқыт» республикалық этно-фольклорлық ансамбілі өнер көрсетті.



Айтулы шарада қолөнер шеберлерінің бұйымдары халық назарына ұсынылды. Этноауылға келген бүлдіршіндер үшін түрлі алаңқайлар жұмыс істеді. Сондай-ақ, спорттық алаңдарда да жарыстар ұйымдастырылды. Ұлттық спорт түрі бәйгені тамашалағандардың қатары қалың болды.

Мереке Амантай
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Екібастұз, Естай Беркімбаев 150 жыл, қоғам