Колония басшысының орынбасары, әділет подполковнигі Төлеубек Ерболатовтың мәлімдеуінше, жыл сайынғы турнир Астана қаласының 20 жылдығына және Павлодар облысының 80 жылдығына арналды. Шағын футбол алаңы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ашылып отыр.



- Бүгін біз үшін нағыз мереке, - деді Төлеубек Ерболатов. – Өңірдегі барлық түзету мекемелерінде алаң ашылған болатын. Енді біздің де өз алаңымыз бар. Сотталғандар мәз. Әрқайсысы алаңқайды көгалдандыруға өз үлесін қосты. Туларды жасады, кейбірі шаң сүртті. Біз тұрақты түрде топтар арасында тек футболдан емес, сондай-ақ баскетбол, волейболдан турнирлер өткізіп тұрамыз. Әр демалыс күндері олар салуатты өмір салтын ұстану, өзгелерден қалып қоймауы үшін шаралар ұйымдастырамыз. Олардың арасында бұрындары әуесқой футболмен айналысқан жақсы ойыншылар да бар.



Жасыл алаңға үш команда шықты. Олар: АП-162/4-тің «Тұлпар» командасы, АП-162/2-нің құрамасы «Елімай» және АП-162/3 мекемесінің «Достық» командасы. Ойын өзара айналым жүйесімен өтті. Шағын футбол ережесіне сай ойын 20 минуттық екі таймнан тұрды. Матчқа арнайы шақырылған бірінші дәрежелі төрешілер бақылау жүргізді.



- Мен бұнда түскеннен бері футбол ойнап келемін, - деді сотталған Мұхаммед Сембаев. – Мені жарыста байқап қалып, командаға шақырды. Өзіме ұнайды. Әкімшілікке алаң үшін, біздің дамуымыз үшін барлық жағдайды жасап жатқанына  алғыс айтамыз.



Турнир қорытындысы бойынша бірінші орын мен теледидарға «Достық» ие болды. Екінші орынға «Елімай» лайық деп танылып, музыкалық аспапқа қол жеткізді. Үшінші орын алған «Тұлпар» командасына термопот табысталды. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік сұрмерген» аталымдарының иегерлері анықталды.



Сайыс аяқталған соң қонақтар мен қатысушыларға мерекелік дастархан жайылды.



Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, түзету мекемесі, қоғам