Бұл туралы Екібастұз қаласының баспасөз қызметі мәлім етті.

- Ұлттық спорт түрінен өткен дүбірлі сайысқа Павлодар, Қарағанды, Астана, Семей өңірлері мен Баянауыл, Ақтоғай, Май, Екібастұз, Ақкөл, Төртүй және басқа да аймақтардан шабандоздар қатысты, - дейді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Байбәкіров. – Барлығы 60-қа тарта үміткер бақ сынады. Жеңімпаздардың бәріне ақшалай сыйлықтар табысталды. Жалпы, соңғы жылдары ат спорты Екібастұзда қарқынды даму үстінде.

Айта кетейік, жеті шақырымдық құнан бәйгеде қарағандылық Жангелді Райымбек бірінші орын иеленді. Тағы бір қарағандылық шабандоз Нұрболат Қадырберлин екінші орын алса, ақтоғайлық Сабыр Ербол үздік үштікті қорытындылады.

10 шақырымдық тоқ бәйгеде астаналықтар алдына жан салмады. Елордалық Алмат Жұмадолдаев пен Нұрболат Тоқтаған бірінші, екінші орындарды өзара бөліссе, екібастұздық Асқар Мұхтаров үшінші орынды қанжығасына байлады.

15 шақырымдық аламан бәйгесінде Жангелді Райымбек (Қарағанды қаласы) жеңіске жетті. Екінші, үшінші орындар Асқар Мұхтаров (Екібастұз) және Алмат Жұмадолдаевқа (Астана) бұйырды.

7 шақырымдық жорға жарысында Николай Карабельников (Павлодар қаласы) бірінші орынға ие болды. Ерейментаулық Бейбарыс Қасенов пен Галицкая ауылынан Берік Қадылбеков те жүлделі орындардан көрінді.

Бұдан бөлек Әулиекөл жағасында бой көтерген этноауылда түрлі спорттық алаңдар жұмыс жасады.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Екібастұз, Естай Беркімбайұлы 150 жыл, спорт