Бүгінде шаһар басшысының тапсырмасымен бұл іске жауапты қалалық қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс комиссиясының құрамы бекітілді. Олар қала аумағын абаттандыру, сәулеттік келбетін жақсарту және ықшам аудандар мен ауылдарды назардан тыс қалдырмау мақсатында бұл іске білек сыбана кірісіп кетті. Қазірдің өзінде нәтиже көрініп тұр. Ақсу қаласы бойынша Беловка мен Черемушка шағын ауданының өкілі Жұмакелді Әлдекенов көріктендіруге қатысты өз ойын білдірді.

- Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары ықшам аудандарда жоспарға сай жүргізілуде. Екі шағын ауданда аула көшелерін тазалайтын әлеуметтік жұмысшылар тобы бар. Біз әр үйді бақылауда ұстаймыз. Қоқыс үйінділері бола қалған жағдайда оларға ескертіп тұрамыз.  Олар көзге оғаш көрінетін шөптерді жұлып, күл-қоқыстарды арнайы орынға жеткізуде. Черемушкада 165 үй бар. Оның ішінде жаңадан салынып жатқан 30 шақты баспана бой көтеруде. Салынатын баспаналардың орны қоқыс үйінділерінен тазартылып, ауылдағы аялдамаларға сырлау жұмыстары жүргізілген, - дейді Жұмакелді Әлдекенов.

Осыдан кейін ауыл тұрғындарының белсенділігі арта түскен.  Тұрғындар ауланы көріктендіруге, аумақтарда жасалынып жатқан жұмыстарға қатысуға қызығушылық танытуда. Бір сөзбен айтқанда, бұған қатысты жұмыстар оңды екендігі байқалады.

Еске салай кетейік, жақында Беловка шағын ауданында қала әкімі мен ауыл тұрғындарының қатысуымен шағын футбол алаңы ашылған болатын.

Комиссия өкілінің айтуынша, 500-ден астам тұрғыны бар Черемушка ауылында да алдағы уақытта осындай алаң орнатылмақ.

Бұл шағын аудандардың көшелеріндегі қаз-қатар тұрған үйлердің маңынан бір үйіндіні көрмейсің. Бұл әрине, қуанарлық жағдай. Сондықтан да мұндай елдімекендер қоқыстан көз ашпайтын басқа ауылдарға үлгі болып отыр.

Амангүл Тілей
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: спорт, қоғам, Ақсу