Шараға жиналған зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, туған-туысқандары, өлең сөзге жаны құмар жас қаламгерлер  мерейтой иесін құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

-  Ақын Алақанұлы - тәуелсіздік алған жылдары Отанына, еліне оралған алғашқы қарлығаштарының бірі. Бұл кісінің шығармашылық  және еңбек жолы бүгінгі жастарға үлгі боларлықтай. Ақын ағамыз тәуелсіз еліміздің дамуына  қомақты үлес қосты. Сондай-ақ, қаламгердің шығармашылығынан оқырман қауым шеттегі қандастарымыздың боямасыз тірлігін,  атамекенге,  жерге деген сүйіспеншілікті көре алады, - деді Қазақстан жаузшылар одағының мүшесі Арман Қани.



Кеш барысында қарымды қаламгердің өлең, жырларына кезек беріліп,  шығармашылығы жайлы кеңінен сөз қозғалды.  

 Ақын Алақанұлының моңғол тілінде жазған шығармалары да баршылық, яғни екі тілдің әдеби сарынын жетік меңгерген жазушы.

 «Менің анам», «Елім-жерім», «Ана жүрегі», «Сүйіктім менің» атты әңгіме повестер жинағы, «Асулар» романы сынды 10 кітабы жарық көрген.

 «Атадан қалған тұяқ», «Тағдыр» спектакельдері мен ондаған шағын көріністері театр сахналарында қойылған.

Шара соңында Ақын Алақанұлы 75 жылдық мерейтойына орай кеш ұйымдастырып, сый-құрмет жасаған музей қызметкерлеріне зор ризашылығын білдірді.

Еске сала кетейік, биыл көктемде қаламгердің  20 шақты әңгіме мен 100-ге жуық өлең енгізілген «Ауылың көшіп келеді»  атты кітабының тұсауы кесілген. Мұндай атау халқымызға сонау қиын сәттерде, қыспақтың күшейген кезінде шет елдерге ауып кеткен ағайындар мен бауырлардың ауылы қайтып көшіп келеді деген үндеумен қойылған.

Бекболат Сауырбай
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: мәдениет, қоғам, рухани