Успен ауданына жұмыс сапарымен барған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов «Галицкое» ЖШС бидай жинаудан аймақта алдыңғы қатардан орын алатынын атап өтті.

- Биыл ауарайы қолайлы болып тұр, - деді Болат Бақауов. – Уақытылы жұмыс жасалса нәтиже болады. «Галицкое» шаруа қожалығы өзінің даму стратегиясын дұрыс жолға қоя білген. Гектарынан 20 центнер өнім алатын жерден 30 центнерге дейін жинап отыр. Бұл көп жылғы аянбай төккен тердің жемісі. Ертіс ауданымен салыстыратын болсақ, Успен ауданында жердің құнарлылығы төмен. Сонда да серіктестік ғылыммен айналысып, жан-жақты жұмыс жасауда. Бидай жинаудан облыс бойынша үлкен көрсеткішке ие. 20-тамыздан бастап жаппай егін жинауға кірісеміз.

«Галицкое» ЖШС-нің директоры Александр Касицинның айтуынша, биыл 32 мың гектарға егін егілген. Оның ішінде 12 мың гектарды бидай алып жатыр.

– Биылдан бастап күздік бидайды егуді қолға алдық, - дейді Александр Касицин. - Осыған дейін омбылық және шығыс қазақстандық сұрыпты күздік бидай өсірумен айналысып көргенбіз. Алайда қысқа дейін үсіп қалды. Соңғы кезде Саратов қаласындағы оңтүстік-шығыс дәстүріне жататын керемет бидай сорты шықты. Былтыр осы түрін сатып алдық. Орташа өнім 1 гектардан 25 центнерді құрап отыр. 30 комбайн өнімдерді жинауға дайын.

Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары Дәурен Мақажанов өңірімізде бес жылдың ішінде ауыл шаруашылығы бойынша қолданыста жүргеніне 10 жылдан аспаған техникаларды 50 пайызға дейін жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті.

- Қазіргі кезде 10 жылдан аспаған техникалардың үлесі 15 пайызды құрайды, - деді Дәурен Мақажанов. – Бұл еңбек өнімділігін арттырады. Бір заманауи комбайн бір маусымда 1,5-2 мың гектар жерден өнім жинайды. Биылғы өнім жинау маусымына облысымыз дайын. Жеңілдетілген дизельдік отын толық таратылды. Техникалар, астық қабылдайтын элеваторлар сақадай сай.

Айта кетейік, биыл Павлодар облысында 1 млн 200 мың гектардан астам жерге егін салынған болатын.

Оразбек Саяхат
Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Успен, "Галицкое", ауыл шаруашылығы, экономика