Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Талғат  Испулов  мәлім етті.

-  Өткен жылы жылу мауысы кыркүйекте басталып, темір жол  тығырықтарында кезек болған, - дейді Талғат  Испулов. -  Станцияларда вагондар тұрып қалды. Сондықтан  былтырғы жағдай сабақ болса керек. Биыл тұрғындар  қысқа ерте қамдануда. Шарбақты ауданының әкімдігі хабарласып,  жаз бойы көмір тасып жатқандарын айтуда. Жылыту маусымына дейін әлеуметтік нысандарға тас көмір 100 пайыз, қоңыр көмірдің екі айлық қоры жеткізілуі керек.

Өңір тұрғындарының жылу маусымындағы қатты отынға деген сұранысы шамамен  420 мың тоннаны құрайды. Халыққа қатты отынды жүк көліктерімен тасымалдаумен 300-ге жуық шағын бизнес субъектісі айналысады.  Сонымен қатар, Павлодар қаласы мен Шарбақты ауданында халыққа көмірді жеткізу теміржол көлігімен жүзеге асырылады.  Отынды дайындау және тарату пункттері барлық қалалар мен аудандарда бар.

Облыс орталығында көмірді сатумен үш ұйым айналысады. Бұл -  «Элит KZ», «А-Вест Павлодар» және «Север энергоугольснаб» ЖШС. Сонымен қатар, биылғы жылы Павлодарда тағы бір бөлім -  «QazCoalTrade» ЖШС ашылған.  Бұдан басқа, Шарбақты ауданында  «Жалын» және «ШарбақтыОтын» ЖШС  бар.

Спикер көмірдің бағасы реттелмейтінін және  дизель отынына байланысты құбылып тұратытынын атап өтті.

-  Көмірдің бағасын  разрездер бекітеді. Әкімдіктермен көмір жеткізу бойынша келісішмарт жасалған. Мысалы, «Майкөбен-Вест» ЖШС 2017 жылы бір тоннаны 6000 теңгеден саудаласа, биыл 6500 теңгеге, яғни сегіз пайызға көтерген. Қалған  темір жол тығырықтарында баға сол қалпында сақталған.  Қатты отынмен қамтамасыз ету бойынша ешбір қиындық  жоқ. Көмір қоры еркін саудада жеткілікті, - дейді Талғат  Испулов.


Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, қоғам, . көмір