Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қатысушылардың барлығына партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауовтың атынан алғыс айтты.

- Үкіметтік емес ұйымдар үлкен жұмыс атқаруда, - деді Мейрам Бегентаев. – Қазіргі кезде ҮЕҰ-дың әрбіреуі спорт, жастар ісі, экология және тағы да басқа түрлі бағытта жұмыс істеуде. Сіздер тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлес қосып келесіздер. Сіздердің жұмыстарыңыз біз үшін өте қажет және маңызды. Қызметтеріңіз үшін алғыс білдіреміз!

Комиссия мүшелерінің шешімі бойынша аймақтық конкурс жеңімпазы «Әрбір үйге мейірім әкелейік» жобасын ұсынған «Павлодар мейірімділер клубы» ұйымы атанды. 2-орын «Шатыр асты бау-бақша – қысы-жазы дәрумен» жобасымен «Өмір» оңалту орталығына бұйырса, 3-орын «Альрами» клубына берілді. Жеңімпаздарға 1 000 000, 700 000 және 500 000 теңгелік сертификаттар табыс етілді. Сонымен қатар барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байқауға қатысушы «Керей» ЖК-нің басшысы Бейбіт Хадыс аталмыш шара арқылы халыққа танылуға мүмкіндік бар екенін айтты.

- Байқау арқылы халыққа танылып, тәжірибе жинақтауға болады. 2013 жылдан бері Аққулы ауданында аяқ киім жасаумен айналысамын. Көмекке зәру жандарға аяқ киім жасаймыз. Бұл байқауға бірінші рет қатысып отырмын. Жыл сайын қатысатын боламын, - дейді Бейбіт Хадыс.

Салтанатты рәсімнің соңында қонақтар алдында «Арман-шоу» студиясының әншісі, халықаралық конкурстар жеңімпазы Бексұлтан Иманзайыпов «Өз елім» әнін шырқап, көрерменді шаттықа бөледі.

Айта кетейік, байқаудың аймақтық кезеңіне 14 жоба іріктеліп алынған. Олар облыстың қалалары мен аудандарында өткен аумақтық конкурстар жеңімпаздары. Ендігі уақытта жүлдегерлер республикалық конкурсқа жолдама алды.

Байқауды ұйымдастырушылар - «Нұр Отан» партиясы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ, облыстардың әкімдіктері, қала және аудан әкімдіктері және бизнес қауымдастығы.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам