Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа орынбасарды жұмысына сәттілік тілеп, актив алдында таныстырды. Өз кезегінде Қайрат Нүкенов жауапты қызметті сеніп тапсырғаны үшін алғысын білдірді.

Қайрат Теміршотұлы Нүкенов 1970 жылғы 15 қыркүйекте Павлодар облысы Железин ауданы Захаровка ауылында дүниеге келген.

1987 жылы Железин орта мектебін аяқтап, еңбек жолын «Железин» кеншарының мал шаруашылық кешенінде жұмысшы ретінде бастады.1988 -1990 жылдар аралығында Кеңес армиясында әскери қызметін өтеді. Әскерден кейін «Трестжилстрой» шаруашылық есепті жастар бірлестігінде экспедитор болып істеді. 1992 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарын атқарды.

2002 жылы Омбы қаласындағы Сібір мемлекеттік автомобиль-жолдары академиясын «Экономика және кәсіпорындардағы басқару» мамандығы бойынша, 2014 жылы П.А. Столыпин атындағы Омбы аграрлық университетін «Жеміс-көкөніс және жүзім шаруашылығы» мамандығы бойынша аяқтады.

2012-2013 жылдар аралығында - Железин ауданының әкімі. 2013 жылы - Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы. 2014 жылдың маусым айынан бастап - Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі, 2016 жылдың сәуірінен бастап Екібастұз қаласының әкімі болып қызмет атқарды.

Айта кетейік, Қайрат Нүкенов Ақсу мен Екібастұз қалаларын Гиннес ректордтар кітабына енгізген. 2014 жылы 11 мыңға жуық ақсулық қала күнін атап өтуге «Бір Отан, Бір Тағдыр, Бір Елбасы! Алға, Қазақстан!» ұранымен жиналған болатын. Одан бұрын рекорд 6600 флэшмоб қатысушылары туған қалаларының тойында Отан туралы әнді орындаған Пенза тұрғындарына тиесілі болған.

2015 жылы Ақсу тұрғындары тағы да рекорд орнатты. Бұл жолы картопты қуыру мен жегізуден жаңа көрсеткіш пайда болды. 4200 келіден көп картопты 54 қазанда қуырып, 10 мыңнан астам ыдысқа салынған фриді «Аксу картофель FEST» фестивалінің қатысушыларына таратты.

2018 жылы Екібастұздың да елорданың 20 жылдығына орай ең көп қатысушысы бар флэшмобпен аты шықты. «Шахтер» стадионында 5500-ден астам адам ішінде «Астана – 20 жыл» жазуы бар картадағы Қазақстанның формасын салып сапқа тұрды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Екібастұз, қоғам