Қала әкімі аппаратының ТЖ, азаматтық қорғаныс және жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Қанат Жолдыбаевтың айтуынша құрылыс бір ай бойы жалғасады.

 

- Бұл мәселені шешу үшін қала және облыс әкімдігінде арнайы топ құрылған болатын, - деді Қанат Жолдыбаев. – Бұл жерде жер асты сулары мен нөсер суы жиналады. Кейін судың бір бөлігі буға айналса, қалғаны Суворов көшесіндегі  орталық кәріз коллекторына жіберіледі. Осы жерде ине тәсілімен құбырлар орнатылды. Олар жерден суды тез сорып шығаруға көмектеседі. Шұңқырдың тереңдігі 4-5,5 метрге дейін жетеді. Бұл тәжірибе Қарағанды мен Екібастұз қалаларынан алынған.

Су жинақтауыштың құрылысына бюджеттен 50 миллион теңге бөлінді. Осылайша, ол Екінші Павлодардағы жер асты суларын төмендетуге ықпал етеді.

- Ертең Павлодарға Алматы қаласының «ҚазГИДЭК» ЖШС-нің өкілдері келеді. Аталмыш компания бұл жүйенің құрылысында көп жұмыс жүргізген тәжірибесі мол фирма. Біз олардың көмегі арқылы тек қана осы ауданның ғана емес, бүкіл Павлодардың гидрогеологиялық картасын жасаймыз. Және жер асты сулары қайдан келіп, қай жаққа қарай ағып кететінін білетін боламыз, - деді Қанат Жолдыбаев.

 Бүгінгі күні ауданда төрт су соратын құрылғы орнатылды. Олар тәулік бойы жұмыс істеп, 500 шаршы метр су сорады.

-  Мамыр айынан бері бұл аймақта 60 мың шаршы метр су сорып алынған. Қысқы мерзімде су басқан үйлер толығымен құрғақ еденмен болатынына сенімдімін, - деді бөлім басшысы.

Алдағы уақытта ауданды орталық кәріз жүйесіне қосу жұмыстары басталады.

Еске сала кетейік, мамыр айының ортасында Алтай, Якутск, Таллинск, Целинная, Днепропетровск, Димитров көшелеріндегі 200-ге тарта үйді су басқан.

 

Назым Қарабаева

Фото автор

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы