Несиелік серіктестіктердің кезекті форумын «Агронесиелік корпорация» АҚ ұйымдастырды. Форумды Павлодарда кездейсоқ өткізіп отырған жоқ. Жергілікті 12 несиелік одақ бүгінгі күні айтулы жетістікерге жеткен.

- Біз 14 жыл бұрын несиелік серіктестігімізді ашқан кезде несие портфеліміз 60 миллион теңгені ғана құрайтын, - деді успендік «Ажболат» одағының жетекшісі Ғадыл Наукенов. – Қазіргі кезде бұл сомма екі миллиард теңгеге дейін өсті. Біз қарызды барлық бағытта береміз. Техникаларды жаңартудан бастап, қалыпқа келтірілген энергия көздерін сатып алуға дейін.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Мақажанов өз сөзінде несиелік серіктестіктердің маңызы жөнінде айтып өтті. Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктер агроөндірістік кешенді қарқынды дамуға жеткілікті дәрежеде қаржыландырудан бас тартып отырғандықтан, несиелік серіктестіктердің рөлі артып келеді.

- Серіктестіктен қарыз алу жүйесі өзінің қолжетімді және сенімділігінің арқасында танылды, - деді өңір басшысының орынбасары. – Бүгінгі таңда мерзімі өтіп кеткен қарыз 4 пайызды ғана құрайды. Бұл банк секторына қарағанда үш есеге аз. Өткен жылы өңіріміздің 700 қатысушысы бар несиелік серіктестіктері 240 қарыз берсе, осы жылдың бірінші жартысында 360 несие беріп үлгерген. Біз қажетті деңгейде көңіл бөлінген жағдайда аталмыш серіктестіктер ауылдық жерлердегі кіші және орта бизнеске жәрдемдесетін қаржылық институт болатынына сенімдіміз.

Форум қатысушылары «ҚР несиелік кооперациялардың даму стратегиясы» және «Несиелік кооперация – тұрақтылықты қамтудың құралы» атты сессияға қатысады. Оған қоса, серіктестік қызметкерлері үшін халықаралық дәрежедегі тренингтар өткізіледі.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, несиелік серіктестік, форум, экономика